Жамбыл ауданында қос ақынның шығармашылығына арналған тағылымды рухани кеш өтті
Ақпан – жыр айы. Мұқағали Мақатаев Хантәңірінің етегіндегі қасиетті Қарасаздың қоңыр топырағынан нәр алса, Алатаудың сілемі Суықтөбенің баурайында Есенқұл Жақыпбеков дүниеге келді. Екеуін табыстырған – тағдыр ғана емес, жыр мен мұңның үндестігі, жүрекке жақын қара өлеңнің қастерлі үні. Жамбыл ауданында қос ақынның шығармашылығына арналған тағылымды рухани іс-шара өтті. Сахнада домбыраның қоңыр үні мен мөлдір поэзия астасып, көрермен көңілін тербеді.
Мұзбалақ ақын «Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні»- деп жырласа, Есенқұл Жақыпбеков «Өмір өтті-ау сырғып ағып»- деп толғанған екен. Өмір мен өнерді, адам мен тағдырды, табиғат пен адамгершілікті өлеңіне өзек еткен ақындардың жырлары да үндес.
Жамбыл жұрты жылдағы әдетінше мәдениет үйіне жиналды. Алатау бөктерінде өмірге келген қос шайырды еске алды. Өнерпаздар ғажап лирикалық туындыларды оқып, көрермен рухани азық алды. Ақындардың көзін көрген өнер қайраткерлері мен қалагерлер жарқын естеліктерімен бөлісті.
НАҒАШЫБЕК ҚАПАЛБЕКҰЛЫ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Мен енді Мұқағали Мақатаевты көрдім. Жазушылар одағына арнайы баратынбыз. Ақындарың қалыңдар, ақымақтарың ары барыңдар» -деп қала блокнотын ашып өлең оқитын. Ал Есенқұл менің шәкіртім ел қайда барса да Есенқұлдың өлеңдерін іздеп жүріп оқитын, жаттап жүретін болды, әндерін айтатын болды. Біздің ауылда бұл бір жақсы дәстүр жыл сайын Есенқұлдың туған күнінде осындай әдеби кеш өтіп тұрады»
Туған халқына мәңгі өлмес, халық жадысынан ұмытылмас ұлы туындылар қалдырған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевсыз қазақ поэзиясын елестету мүмкін емес. Сонымен бірге қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өшпес із қалдырған Есенқұл Жақыпбеков те суырып салма дарынымен танылған тұлға. Оның жанға жылы поэзиясы, айтыстағы ойлары, жыр-термелері мен сазды әндері мәдени мұрамыздың баға жетпес қазынасы. Қос дүлділінің шығармашылығы бір дәуірдің ғана емес, XXI ғасыр жастарының да сырласына айналды.
ҒАЛЫМЖАН САЙЛАУБЕК
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ РЕЖИССЕРІ
«Біз жыл сайын екеуін қосып тойлаймыз. Бұл дәстүрге айналған. Қос қанаты поэзияның, қос жүрегі. Екеуі бір-бірін толықтырып, екеуі бір-бірімен астасып, бір-бірін күшейте түседі. Мұқағалидың да поэзиясы, Есенқұлдың да поэзиясы сахнаға сұранып тұр. Сезімдер, ойлар қатты ұқсайды екеуі. Бүгін біз екеуін қосып, екеуінің үндестігін табуға тырыстық»
Ақын жыры – уақыттың шекарасын мойындамайтын рухани кеңістік. Оларлың есімдері жұрт есінде мәңгіге қалып, жырлары дәуірді-дәуірмен жалғайтын алтын көпірге айналды.