Алатау қаласында қайырымдылық акциясы өтті
Алатау қаласында қайырымдылық акциясы өтті. Шаһар мешіті мен жомарт кәсіпкерлердің мұрындық болуымен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. Мұқтаж жандарға қол ұшын созуды мақсат еткен іс-шара жайлы келесі бейнематериалда.
Бұл қайырымдылық акциясы облыс мешіттерінде дәстүрлі түрде өтеді. Дін қызметкерлер ізгілікке толы бастамаларды жиі қолға алады.
МАДИЯР ПІРІМҚҰЛОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ
«Әр ай сайын әртүрлі акция. Жалпы енді бізде қайырымдылық бағыты бар одан кейін жаңағы насихат жұмыстары бар. Одан кейін қоғаммен байланыс, одан кейін дін менен дәстүр. Осы төрт негізде бағыты біздер жұмыс жасаймыз»
Акция аясында 50-ге жуық отбасына көмек көрсетілді.Тұрғындар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Сауабы мол іске жанашыр жандар мен демеушілер үлкен қолдау көрсетіп келеді. Олар мұқтаж жандардың мұңын бөлісіп, қоғамдағы өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға атсалысуда.
МӘНШҮК ОРАЗБАЕВА
КӨПБАЛАЛЫ АНА
«Мен мешіттен бірінші рет емес, мен ылғи көмек алвп тұрамын. Өзім екінші топ мүгедек. Былтыр айт мерекесі болды, ол кезде де балаларымызға кәдімгідей ойын сауық ұйымдастырып, құрбан айт кезінде де жақсы мереке ұйымдастырды. Имамымызға көп көп рахмет»
Қайырымдылық тек азық-түлік үлестірумен шектелмеді. Шара аясында дін өкілдері мешіт ауласын абаттандырып, көшеттер отырғызды. Сонымен қатар, жасөспірімдер үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылып, мешіт алдындағы киіз үйде ұлттық құндылықтар насихатталды. Оқушылар киіз үйдің құрылымымен танысып, ата-баба дәстүрінен мағлұмат алды.