Сақман науқаны басталды

Жамбыл ауданында мал шаруашылығының ең жауапты кезеңі сахман науқаны басталды. Биылғы қыс жайлы болып, жайылымның ыңғайына қарай қыстаған шаруалар қазір төл алуға қызу кіріскен.

Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір деген аталы сөз бар. Бүгін біз сол берекенің бастау алған жерінде, нағыз сахман науқанының ортасындамыз. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, бұл тіршіліктің нағыз қайнаған шағы! Айналамыз толы маңыраған мал, мыңғырған отар. Бір жағында жаңа туған қозысын іздеген анасы маңыраса, екінші жағында мына біз ұстап тұрғандай, аяғына нық тұруға талпынған төлдер. Мұндағы жұрт үшін бұл жай ғана дауыс емес, бұл ең жағымды әуен, еңбектің әуені. Себебі әрбір жас төл ертеңгі береке мен молшылықтың кепілі.

Жамбыл ауданындағы «Аяла»  шаруашылығңында қазір жұмыс қайнап жатыр. Мұндағы шаруалар өнімділігі жоғары гиссар тұқымын өсіруге маманданған. Бұл тұқым өзінің еттілігімен және жергілікті климатқа төзімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда шаруашылықта 500-ден астам аналық бас бар. Төлдеу науқаны кестеге сай жүріп жатыр, мамандар әр төлдің амандығын басты назарда ұстап отыр.

АЛМАТ АЖАНОВ
ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕСІ
«Біз гиссар породасын алдыңғы жылы алып келгенбіз Шымкенттен, Түркістан облысынан 500 бас. Бұл енді Гиссар деген асыл тұқымды болып саналады. Ең үлкен қойлардың ішіне жатады дүниежүзі бойынша.  500 бас алып келдік біз, сол маточный ғой. Қазірге 200-ге жуық қозылар туылды. Сол 3000 басқа дейін жеткізу біздің план именно қойды»

Аудан бойынша биылғы көрсеткіш көңіл көншітеді. Биылғы мәліметке сәйкес, жалпы қой саны 1 миллион 96 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 109 пайыздық өсімді көрсеткен. Биылғы сахманнан шаруалар жарты млннан астам қозы алуды жоспарлап отыр. Мал азығы мәселесі де толық шешімін тапқан. Қоймаларда 295 мың тонна шөп пен 48 мың тонна жем қоры дайын. Бұл науқанды шығынсыз өткізуге толық мүмкіндік береді.

ДҮЙСЕНАЛЫ ЕҢКЕЛЕШОВ
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ
«Жамбыл ауданы негізі Алматы облысындағы ең ірі мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Мысалы тек қана қойдың өзі 1-наурызға 1млн 102 мың бастан асты. Ірі қара 102 800 бас, жылқы 54 200 бас, түйе 1522 бас. Осынша малдың барлығы Алматы облысы бойынша бірінші орында тұр мал басы бойынша. Жалпы қазіргі уақытта қой төлдету уақыты жүріп жатыр Жамбыл ауданында. Бізде 588 мың саулық қой бар. Сол 588 мың саулық қой 3 жекеменшік салаға бөлінген. Осы 588 мың бас қой қазір тқлдеп жатыр. Бүгінгі күнге 235 мыңдай төл алынды»

Жамбыл ауданы бүгінде мал басының саны бойынша Алматы облысында көш бастап тұр. Мұндағы төрт түліктің бестен бірі асыл тұқымды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу көзделуде. Сапалы селекция мен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аудан облыстағы аграрлық сектордың негізгі драйверіне айналып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: