Сарыжаздағы жануарлар әлемі
Табиғатқа деген сүйіспеншілікті өмірінің мәніне айналдырған жанның бірі – Досан Дуанқұлов еді. Сарыжаз ауылының тумасы, натуралист, орнитолог ретінде танылды. Ол көп жыл құстар мен түрлі жәндіктерді өсіріп, ауыл балаларына табиғаттың тылсым сырын танытты. Досан ағаның бұл ісі бүгінде тоқтаған жоқ. Ұлы Асхат Досанұлы әке жолын жалғастырып, оқушыларға ерекше тіршілік иелерін таныстырып жүр.
Бұл – Сарыжаз ауылындағы табиғаттың шағын ғана бұрышы емес, тұтас бір таным әлемі. Мұнда түрлі-түсті тотықұстар, аквариумдағы балықтар, тіпті сирек көретін мадагасқарлық таракандар да бар. Әр жануар мен құс ерекше күтімді қажет етеді. Ал осының бәрі бүгінде мектепте көрнекілік құрал ретінде пайдаланылып отыр. Оқушылар оларды тек кітаптан оқып қана қоймай, көзбен көріп, қолмен ұстап, жақыннан танысуға мүмкіндік алады.
АСХАТ ДОСАНҰЛЫ
БИОЛОГИЯ ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
«Менің әкем Дуанкулов Досан 1976 жылы осы үйірмені жас натуралистерді ашып, 4 орнитологтың біреуі болып Қазақстан бойынша танымал болып, 2020-жылға дейін жүргізіп келді. Мен негізі басқа саладан келдім, байланысшы болып істедім, содан осы салаға келіп, қазір қарауымда үйірмеде 59 оқушы бар. Бәрі қызығушылықта, қалмауға тырысады, осы таракан, жәндіктерді қолдарымен ұстап, тамақтарын беріп, демалыс күніде үйірмене сұранып, ағай келейікші деп, экскурсиялық, практикалық тау жұмыстарынада бірге шығып, сонымен жұмыс жасап жатырмыз. Енді қолымыздан келгенше әкемнің жұмысын жүргізіп жатырмын. Танымал болғаннан кейін ұмыттырмайын деп, осы ауылда жұмыс жасап жатырмын»
Асхат Досанұлының айтуынша, әр тіршілік иесінің өз күтімі, өз тәртібі бар. Тотықұстарға арнайы азық пен жылылық қажет болса, аквариум балықтарына таза су мен тұрақты температура маңызды. Ал мадагасқарлық таракандардың өзі бөлек орта мен ерекше күтімді талап етеді. Осындай жануарларды ұстау – жай қызығушылық қана емес, үлкен жауапкершілік.
АРАЙ МАЛАЕВА
НАРЫНҚОЛ АУЫЛЫНЫҢ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Қазіргі таңда бұндай үйірме жоқтың қасы болғандықтан бұндай үйірмелер бізге қажет деп санаймын. Сондықтан табиғатты сүйетін, оны қорғай білетін оқушылар тәрбиелеудеміз.»
Досан Алыбайұлының ғұмыры табиғатпен біте қайнасқан тағылымды өмір болды. Ол туған ауылында ерекше мұра қалдырды. Осы мұраның Сарыжазда сақталуы - табиғатты сүюдің, әке аманатына адалдық пен ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.
Табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілік пен жануарларға деген жанашырлық — үлкен тәрбиенің көрінісі. Әке жолын жалғаған Асхат Досанұлының бұл ісі көпке үлгі болары анық.