Өткен жылы Алматы облысында жасөспірімдерге қатысты 375 құқық бұзушылық тіркелді
Өткен жылы Алматы облысында жасөспірімдерге қатысты 375 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды көздеген заң қызметкерлері Қарасай ауданында семинар өткізді. Мамандар нақты мысалдармен қылмыстың ауыр салдарын түсіндіріп, жасөспірімдерді заңды сақтауға шақырды. Тақырыпты Шұғыла Баймұхан жалғастырады.
Жеткіншектер арасында негізінен ұрлық, алаяқтық, есірткі тасымалы сынды қылмыс жасау әрекеті жиі болады. «Шалыс басатындарға көп жағдайда араласатын ортасы әсер етеді. Сондықтан осындай прафилактикалық іс-шаралар жиі өткізіледі» дейді заң қызметкерлері
ШЫҢҒЫС ОСПАНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Ең көп таралған сол 16 дан 18 жасқа дейін. Өйткені балалар ол кезде өздерін есейіп қалдық деп санайды. Бағана бейне фильмде көрсеткендей құрдастарының арасында бір абырой жинағысы келеді. Орта бар, достары»
ЕРНАР ОРАЗБАЕВ
ӘДІЛЕТ МАЙОРЫ
«Бұл кездесуде бұрын сотталғандар және профилактикалық есепте тұрған адамдар өз өмірлерінен мысал келтірді. Бұл жастар үшін сабақ боларлықтай жағдай. Олар қандай қателіктерге жол бермеу керектігін және құқық бұзушылықтың қандай ауыр салдарға әкелетінін айтты. Оқиғалар жастарға қатты әсер етті. Осындай мысалдар арқылы жасөспірімдер дұрыс қорытынды жасап, заң бұзбау керек екенін түсінді деп ойлаймыз»
Оқушылар өмірде ағат басып, жазасын өтеген жандармен кездесті. Бұл кейіпкер осыдан бір жыл бұрын ұрлық жасап сотталған. Қазір пробация қызметінде есепте. Жасаған ісіне қатты өкініп, жастар өзі сияқты ағат баспаса екен дейді
Сондай-ақ, жастар түзету мекемелеріндегі бозбалалардың бастан кешкен оқиғалары жайлы деректі фильмді көрді. Балалықпен жасаған бір ғана қателіктің арты , өмірлік өкінішке айналған тағдырлы оқиғалар аз емес.
НҰРСҰЛТАН ӘБІЛҚАСЫМОВ
СТУДЕНТ
«Басты түйгеніміз қылмыстық әрекеттерден барынша сақ болу. Осы кісілердің айтқанындай жеті рет өлшеп бір рет кес деп айтады ғой сол әдетті өзімізге қалыптастыру болды.»
Кездесуде құқықтық жауапкершілік, қылмыс пен нашақорлықтың алдын алу бойынша мәселелер де кеңінен талқыланды.