Мал шаруашылығына қолдау

Алматы облысына жұмыс сапарымен еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков келді. Сапар аясында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында алдағы бес жылда мал шаруашылығын өркендетіп, салаға заманауи технологияларды енгізу жолдары қарастырылды. 


Алматы облысында да мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Соның ішінде шаруаларға арналған жеңілдетілген несие бағдарламаларына басымдық берілуде. Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылып жатқан «Игілік», «Береке», «Кең дала» бағдарламалары ауылдағы ағайынға нақты қолдау көрсетіп отыр. Бұл бастамалар шаруашылықты  жаңғыртып, жаңа технология енгізу арқылы  мал сапасын арттыруға бағытталған. 

НҰРМӘДИ ӘЛІБАЕВ 
«АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ  ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бұл жерде шарттың басты мақсаттары жылдық мөлшері небәрі 6%,  мерзімі ет бағытына 9 жылға дейін, сүт бағытына 7 жылға дейін беріледі. Несие лимиті осы мал басының санына байланысты. Қазіргі таңда ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр»

Қазір облыс бойынша 126 өтінім қабылданып, нәтижесінде 32 мыңнан астам ірі қара мен 58 мыңнан астам ұсақ мал сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, асыл тұқымды малды шетелден әкелу жұмыстары да қолға алынған. Бұл бағытта Ресей, АҚШ, Австралия және Канада елдерімен келіссөз жүргізілуде. Ал саланы жүйелі дамыту үшін ірі инвестициялық жобалар да іске асырылуда. Жеңілдетілген  несие арқылы жалпы құны 145 млрд теңгенің  54 жобасы дайындалды.

АЙДЫН ДОСҚАРАЕВ
«АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазір Қазақстан Республикасында мына мал шаруашылығын дамытуға өте үлкен көңіл бөлініп жатыр, қыруар ақша бөлініп жатыр. Бұрында енді өсім болды, бірақ өсімнің қарқыны екі-үш пайыздан аспады жылына. Ал енді алға қойып отырған мақсатымыз бес жылда мал басын екі есе көбейту. Сондықтан да жаңа әртүрлі бағдарламалармен қажетті қаражат бөлінеді, субсидия қарастырылады және оған қосымша жаңа мына Даму қорынан кепіл беріледі»

Одан бөлек, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс-дала жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда. Алматы облысы бойынша 4,3 млрд теңгеге жуық өтінім түсіп, оның 1,7 млрд теңгесі қаржыландырылды. Мамандардың пікірінше, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 млрд. теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз: