Биыл Алматы облысында тоғыз жаңа «Келешек мектеп» пайдалануға беріледі
Биыл Алматы облысында тоғыз жаңа «Келешек мектеп» пайдалануға беріледі. Бұл білім беру нысандары ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, өңірде 26 келешек мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2024 жылы 9 мектеп, 2025 жылы 8 мектеп пайдалануға берілген. Ал биыл іске қосылатын тағы 9 білім ошағы өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді шешпек.
Соңғы үш жылда өңірде 33 жаңа мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш аусымды 52 мектеп саны бүгінде 28 дейін төмендеген. «Келешек мектептер» дәстүрлі білім ордаларынан ерекшеленеді. Олар кең әрі заманауи жобамен салынып, оқушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығына басымдық береді.
ДУМАН МОЛБАЙ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Толық материалдармен бәрімен қамтылған. Мектептің сапасы бәрі өте жақсы біткен. Енді тек қана қолданысқа беру жұмыстары ғана қалды.»
Жаңа мектептер негізінен халық тығыз орналасқан Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласында ашылады. Әсіресе Іле ауданында білім беру нысандарына сұраныс жоғары. Өйткені облыста жыл сайын оқушылар саны 7–10 мыңға дейін артып отыр. Дегенмен, өңірде үш ауысымды оқу мәселесі толық шешілген жоқ. Қазіргі таңда 23 мектепте бұл мәселе сақталып отыр. Осыған байланысты 2026–2028 жылдарға қосымша мектептер салу жоспары жасақталған.
АҚМАРАЛ БАҚЫТҚЫЗЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Осы наурыз айының аяғы мен сәуір айының басында қалған жалпы 9 мектептің барлығы қолданысқа беріледі. Бүгінгі күнде сол 9 мектептің құрылысы берілген жағдайда 5 мектептің үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі. Қалған жаңағы 4 мектептің оқушы орны тапшылығы, тасымал мәселесі, 550 баланың тасымал мәселесі шешілгелі отыр.
Келешек мектептер заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. STEM және робототехника кабинеттері, көркем еңбекке арналған арнайы шеберханалар оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашады. Мұндай мүмкіндіктер балалардың ерте жастан кәсіби бағыт-бағдарын айқындауына да ықпал етпек.