Қонаев қаласына «Серпін» білім беру керуені келді
Қонаев қаласына «Серпін» білім беру керуені келді. Игі бастаманы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жүзеге асыруда. Жоба аясында керуен мүшелері елдің оңтүстік өңірлерін аралап, талапкер жастармен жүздеседі.
Білім керуені Алматы облысына табан тіреді. Жобаның басты мақсаты мектеп оқушыларына «Серпін» бағдарламасының қыр-сырын кеңінен таныстырып, білім алу мүмкіндіктерін түсіндіру және олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беру.
Мұндай жобалар тек мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне ғана емес, сонымен қатар өңірлердің дамуына да оң ықпалын тигізеді. Бұдан бөлек, университет халықаралық мүмкіндіктер аясын да кеңейтіп келеді. Білім алушылар шетелде оқып, қос диплом алу мүмкіндігіне ие. Соның бір дәлелі оқу орны АҚШ-тың Аризона штатындағы университетпен әріптестік байланыс орнатқан. Осы келісім аясында студенттер төртінші курсқа дейін ел ішінде білім алып, кейін оқуын шетелде жалғастыра алады.
Мектеп оқушыларының айтуынша, бұл бағдарлама тек сапалы білім алуға ғана емес, сонымен қатар еліміздің жаңа қалаларын көріп, көкжиекті кеңейтуге зор мүмкіндік береді. Бүгінде университетке деген қызығушылық айтарлықтай артып отыр. Соңғы жылдары мұнда дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, білім беру бағдарламаларының саны 120-дан асты. Әсіресе, талапкерлер арасында медицина, IT және биохимия бағыттары ерекше сұранысқа ие.
Серпін керуені 23 күнге жалғасады. Керуен өкілдері еліміздің бірнеше облысын аралап, талапкер жастармен кездеседі.