Бүркітшілік – әлем таныған мұра

Соңғы жылдары бүркітшілік дәстүрі кең тарап келеді. Әйтседе құсбегілік жай   әуестенетін спорт емес, ұлтымыздың болмысын анықтай түсетін текті өнер. Осы мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігін қайтсек дамытып, әлемге танытамыз деп жүрген жандардың бірі Бағдат Мүптекеқызы. Саятшылықты серік еткен этнограф, "Республикалық Құсбегілік Федерациясының" вице-президенті биыл мерейлі 70 жасқа толды. Қазақ өркениетінің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген батыл жан жайлы әріптесім Шұғыла Баймұхан баяндасын.


Құсбегілік қаннан сіңген қасиет, Қазақтың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дала дәстүрі. Соның ішінде халқымыз ежелден қастерлеп киелі санаған бүркітті баптаудың орны ерекше. Ел жұрт ертеден қыран құсты ерекше дәріптеп, құс төресі, еркіндіктің символы деп құрметпен қараған. Бір кездері құрып кете жаздаған бекзат өнер соңғы жылдары қайта түледі, жанданды, жанашырлар көбейді. 

ТӘТТІГҮЛ КАРТАЕВА 
ЭТНОГРАФ

«Қансонар дегенде аңшылық жатыр. Бұл жаппай аңшылық емес. Бұл аң аулаған кезде байырғы біздің ата-бабаларымыз аңның санын реттеп табиғи заңдылыққа бағынып ғана салбурынға шыққан. Салбурын тек қыстың күні ғана атқарылған. Жаздың күні құс түлектеп отыратын болған. Жалпы құсбегілікпен мына салбурынды әлемдік деңгейге шығаруға Бағдат Мүптекеқызының еңбегі зор.»

АЯТХАН АТАЙ
ҚАЗАҚ ҚҰСБЕГІЛІК ОДАҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ӘКІМІ

«ЮНЕСКО ға тізімделгеннен кейін Қазақстанның да Монғолияның да мақсаты біз осы құсбегілік өнерді дүниеге танытуымыз керек. Бізге тағы міндет деген сөз ғой. Осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қыран федерациясы Бағдат Мүптекеқызымен соңғы  10-15 жылда бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл кісінің осы құсбегілік көне дәстүрді алып жүруі, жастарға үйретуі, насихаттауға, танытуға сіңірген еңбегі аса зор. Қыран федерациясымен біріккен» 

Ұлттық мәдениеттің жауһарының туын жықпай, атадан балаға мұра болуына мұрындық болған жандардың бірі Бағдат Мүптекеқызы. Батылдық танытып, ұлт мәдениеті мен өркениетін ұштастырып жүрген құс жанашыры 80 жылдары санаулы бүркітшінің басын қосты. Артынша "Республикалық Құсбегілік Федерациясының" құрылуы жолында еңбек етіп, 2005 жылы алға қойған мақсатына жетті. Қазір құсбегі 70 жасқа келсе де осы одақтың вице-президенті қызметінде әлі күнге дейін үлкен істерді атқарып жүр. 

БАҒДАТ МҮПТЕКЕҚЫЗЫ
"РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰСБЕГІЛІК ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ" ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
«40 жылдық тәжірибем бар. Осы ақсүйек өнерімізді жоғалтып алмайық деп жалғастырып келе жатырмыз. Аллаға шүкір, қазір 100-ден аса бүркітшілер осы өнерді жалғастырып келе жатыр. Жақында ғана біз Түркияда бүкіл дүниежүзілік фестивальға қатысып келдік. Сондай фестивальдар қазір көп. Біздің бүркітші жастар соған қатысып жүр. Жүлделі орындарға ие болып жүр.»

Құсбегілердің анасы атанып кеткен Бағдат Мүптекеқызы 40 жылда талай жасқа ұстаздық етті, жол сілтеді, үлгі болды. Қазір Табиғатпен үндескен ұлы өнерді жалғастырып жүрген ұл қыздар жетерлік. Олар ел намысын әлемнің түкпір-түкпіріне қорғап, жұртты кең даланың киелі қыранымен таңдандырып жүр. 

АЯЖАН ДАНИЯРҚЫЗЫ
БҮРКІТШІ
«Бастағаныма 4 жыл болды. 18 жасымнан бастадым. Басында салмақ жағынан кішкене қиын болды қол үйренбегендіктен. Бірақ уақыт өте келе қолыңа күнде бүркітті ала беріп қолың біраз масса жинап қалады десем болады. Маусым негізі күз, қыс мезгілдерінде сол кездерде солтүстікке барып, жарыстарға қатысып келеміз.»

Бүркіттің салмағы 3-7 келлі арасында. Дене тұрқы – 95 сантиметр, ал жайған қанаты  2 метрге  дейін  жетеді екен. Талғамы биік, текті құсты баптау оңай шаруа емес.  Кең даланың қыранын қолға үйретіп, жағдайын жасау көптің қолынан келе бермейді. Әйтседе қазір құсбегілік федерациясында 100 ден астам бүркітші қыранды баптап, чемпионаттар мен қансонарға дайындауда.

Сондай-ақ оқыңыз: