Боралдайда суши жегендер жаппай уланды

16 маусым күні Боралдай кентіндегі аудандық ауруханаға тағамнан улану белгісімен 65 адам жүгінген. Тексеріс барысында, тұрғындардың бәрі Алатау көшесі бойында орналасқан суши кафеден тамақтанған. Істің мән-жайын әріптесім Ақжан Анапия баяндайды. 

Уланғандардың қатарында Василийдің де отбасы бар. 15 маусым күні қарындасы, әйелі мен әпкесі кешке бәрі құмар сушиді тапсырыс берген. Әпкесі таңғы бес шамасында лоқсып, іші бұратылып ауыра бастаған. Қазір қарындасы мен әпкесі үйде ем алып жатыр. Ал әйелі бүгін, яғни 17 маусым күні ауруханаға түсті. Кафеден жиі тапсырыс беретіндіктен, олар істің жәйін түсінбей әлек. 

ВАСИЛИЙ ПОПОВ 
БОРАЛДАЙ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ 
«Біз тамақтандық, бәрі ойдағыдай болды. Бірақ таңғы сағат 5-те әпкемнің қызуы көтерілді. Алғашында температурасын өлшеп, өз күшімен түсіргендей болды. Кейін құса бастады, ағзасы әлсіреп, іші қатты ауырды. Содан кейін іші өтті. Шамамен 20 минуттан соң әпкемнің қызы келіп, оның да қызуы көтерілгенін, іші ауырып тұрғанын айтты. Яғни, дәл сондай белгілер қайталана бастады. Бүгін үшінші күн. Қазір жұбайымның да іші қатты ауырып жатыр. Оған ауырсынуды басатын дәрі салып, тамызғыш қойып, асқазанын тазартпақшы.»

Қазір 29 адам амбулаториялық емге жіберілсе, 36 науқас облыстық ауруханаға жөнелтілді. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа. Ауыр халде жатқан адам жоқ . 


ЛӘЙЛА СЕРІКБАЕВА 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 
«Анықталған мәліметтерге сәйкес медициналық көмекке жүгінгендер «Суши тайм»  дәмханасында тамақтанған. Олар суши, пицца, фри сынды тағамдарды тұтынған. Қазір дәмхана тексерісте. Қажетті санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар жүріп жатыр.» 


Тұрғындардың айтуынша, оқиғаның бір себебі – Боралдайда жарықтың жиі сөнуі болуы мүмкін. 

АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТНІҢ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазіргі уақытта Іле ауданының санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы обьектіден зертханалық зерттеулер жүргізуде. Оның ішінде тағамдық өнімдерден, шикізаттан, сонымен қатар шайындыдан және қызметкерлерді тексеріп жатЫр .Тұрғындарға айтаттынымыз тамақтанулану белгісі пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгінуді ұсынамыз.» 

Қазір дәмхана жұмысы уақытша тоқтап тұр. Тұрғындардың улануы өнімнің жарамдылық мерзімі өткенінен бе, әлде басқа себептен бе ол мамандардың тексерісісінен кейін белгілі болады. Ал ауруханаға әлі де науқастар келіп жатыр. 

Сондай-ақ оқыңыз: