Өңірде жаңа мүмкіндік

Қонаевта облыстық мәслихат депутаттары білім беру, тұрғын үймен қамту, экология және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Жиында жаңа мектептердің құрылысы мен «Алатау» тұрғын үй бағдарламасына енгізілген өзгерістерге ерекше көңіл бөлінді. Биыл аталған бағдарламаға алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатыса алады.

Білім беру жүйесін жаңғырту – өңір дамуының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2025 жылы Алматы облысының білім саласына 480 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Өңірде жаңа мектептер салынып, олардың бірқатары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Сонымен қатар бірнеше білім ошағында күрделі жөндеу жүргізілуде. Дегенмен, мектептердегі орын тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі таңда 44 мыңнан астам оқушы орны жетіспесе, 28 мектепте оқу үш ауысымда өтуде. Осы мәселені шешу үшін биыл инвестиция тарту арқылы тағы 9 мектеп салу жоспарланған.


ЖАСҰЛАН ОҢАЛБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Жиында «Алатау» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Биыл бағдарлама аясында 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Оның 500-ден астамы Қонаев қаласында орналасқан. Бағдарламаға мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, спортшылар, әлеуметтік осал топ өкілдері қатыса алады. Ал биыл алғаш рет БАҚ қызметкерлеріне де мүмкіндік беріліп отыр. Негізгі талап өзгеріссіз қалады: қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы екі жылда жеке баспанасы болмауы тиіс. Сонымен қатар жалғыз басты аналар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған және асырап алған балалары бар отбасыларға қосымша ұпай беру ұсынылды. Депутаттардың пікірінше, өңірге келген мамандарды тұрақтандыру үшін баспананы Қонаев қаласынан сатып алу тиімді. 

ҚУАТ БАЙҒОЖАЕВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Сессия барысында экология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Өңірде тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоспарға экологиялық тәрбие, ағарту және ақпараттық жұмыстарды қамтитын 43 іс-шара енгізілген. Олардың орындалуын тиімді бақылау үшін әр шараның нақты нәтижесі көрсетілетін жаңа тармақ қосылды. Депутаттардың айтуынша, бұл бастамалар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз: