4,5 тонна балық тәркіленді: браконьерлерге қарсы рейд күшейді
Балықтың сұрауы бар! Балқаш-Алакөл облысаралық инспекциясы браконьерлермен күресті күшейтті. Өйтпеске амал жоқ. Тек жыл басынан бері 400-ден аса заңбұзушылық әшкереленіпті.
Заңсыз кәсіптің жолын кесу нәтижесінде төрт жарым тонна балық, 60-қа жуық тыйым салынған аулау құралы мен 13 қайық тәркіленген. 21 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал алты браконьер сот үкімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып үлгерген. Әсіресе күзгі маусымда бақылау күшейді. Инспекторлар облыстағы бірде-бір су айдынын назардан тыс қалдырмай, тексерулерді жалғастырып жатыр.
ӘЛИМА АХМЕТЖАНОВА
БАЛҚАШ-АЛАКӨЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
- Балық аулауға тыйым салынған аулау құралдары соның ішінде электротоқ құралдарын пайдалану фактілерінің жиілеуіне байланысты Алматы облысы аумағында Балқаш көлінде, Іле өзенінде рейдік шаралар негізі жүргізіліп жатыр. Күзгі маусымға байланысты бізге қарасты 5 облыс бар. Сол 5 облыстағы барлық бақылаудағы су айдындарында күшейтілген түрде бірлескен рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр. Ол Алматы облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы, Абай облысы және Қарағанды облысы.