Ақсайда мектепке бала сыймайды, амбулатория тозған

Әбден ескірген мектепте үш ауысыммен отыруға мәжбүр! Сыймаған бүлдіршіндер тіпті ауылдағы мәдениет үйінде білім алып жүр. Іле ауданы Ақсай ауылындағы қазіргі жағдай осындай. Елді мекендегі амбулаторияның жағдайы да адам шошырлық. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар төбесінен су сорғалаған ғимаратта ем алады. Ақсай ауылындағы мектептің сиқы осы. Ғимарат 1958 жылы салынған. 70 жылдық тарихы бар мектепте қазір 1170 оқушы қысылып-қымтырылып үш ауысыммен оқиды. Оның өзіне бала сыймай, бастауыш сыныптағы бүлдіршіндер іргедегі мәдениет үйінде білім алуға мәжбүр.

МӘДИНА ЖАҺАНБАЕВА - АҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Менің бірінші сыныптағы балам осы мәдениет үйінде оқиды. Мына жаққа симайды себебі. Аржақта кіші сыныптың мектебі бар еді. Ол қазір апаттық жағдайда. Сондықтан біздің басты проблема - осы мектеп. Жаңа мектеп салынса жақсы болар еді.

Жаңа мектептің жақсы екенін ауыл әкімі де түсінеді. Құжатын жасап, жоғарыға жіберіпті. Бірақ нақты жауап әзірге жоқ. Бәрі қаржыға тіреледі деген шенеунік, алдағы қарқынды құрылыс жылына ғана үміт артып отыр.

БАҚЫТ ТӨРЕЕВ - АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
- Сыймағандықтан бастауыш сынып оқушылары мәдениет үйінің 4 бөлмесінде оқып жатыр. Бүгінгі таңда жобалық құжаттама сараптамадан өтіп жатыр. Келесі жылы президентіміз айтқан жалпы халықтық құрылыс жылы деп жатыр ғой, соған кіріп кетсек деп үміттенеміз.

10 мыңнан аса адам келіп денсаулығын қарататын ауылдағы мына дәрігерлік амбулатория ғимараты да өткен ғасырдың 60 жылдары салыныпты. Бұл да мектеп ғимараты сияқты әбден ескірген. Қабырғалары қақырап, жаңбыр жауса төбесінен су сорғалайды. Адам емдеп жатқанда төбесі ортасына түсіп кете ме деп есіміз шығады дейді ақ халаттылар.  

ҰЛЖАН АМАНТАЙҚЫЗЫ - АМБУЛАТОРИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ
- Негізі апаттық жағдайда. Жаңа амбулатория салынады деп уәде бергелі оншақты жыл болды. Бірақ болып жатқан жоқ. Төбемізден су ағады. Қабырғалар жарылып тұр.

АЛМАГҮЛ СЫПАТАЕВА - АҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 
- Дәрігерлердің отырған жері өте нашар. Дәрігерлеріміз ғой жақсы. Бірақ ғимарат өте нашар. Мәселе көп көтеріледі. Ал арты жоқ болып қалады.

ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ - ТІЛШІ
- Мен қазір дәрігерлік амбулаторияның екінші қабатында тұрмын. Дәл осы залдың мен тұрған бөлігіне қарасаңыздар мына еденнен бастап қабырға жарылған. Жарық төбе жақпен айналып келіп, оң жағымдағы еденге дейін жалғасып тұр.

Бірақ ауылдық амбулатория да жуық арада шешілетін мәселе емес. Апатты деп танылмағандықтан, жөндеу жасағандай ауық-ауық сылап-сипап қояды екен. 

БАҚЫТ ТӨРЕЕВ - АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
- Апаттық жағдайда деп танылған жоқ. Жылда ағымдағы жөндеуден өтеді. Осыдан үш жыл бұрын жобалық құжаттамасы жасалған. Қазір қайта қаралып, 100 орынға жоба жасалып жатыр. Бірақ облыстық құрылыс басқармасында, 27-28 жылдарға салып беруге жоспарлап отырмыз.

Білім мен денсаулық адам баласы үшін ең маңызды құндылық. Десе де ақсайлықтар жуық арада жаңа нысан табалдырығын аттай қоймайтын сыңайлы. Үмітсіз сайтан. Тым болмағанда әкім айтқандай келесі қарқынды құрылыс жылының шарапатына ілігіп қалсақ екен деп дәмеленеді. 

Сондай-ақ оқыңыз: