Қазақстан 3G-мен қоштаспақ: интернет сапасы арта ма, тариф қымбаттай ма?
Қазақстан 2027 жылдың аяғына дейін 3G-ден толық бас тартпақ. Цифрлық даму министрлігі оған дейін базалық станциялардың бәрін 4G желісіне ауыстыруды жоспарлап отыр.
Ал 5G-дің қызығын қазір 70 қала мен 300 елді-мекен тұрғындары көріп отыр екен. Сол кезде ауыл-аймақтың 92 пайызы ғаламтордың игілін пайдаланады дейді Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев. Дегенмен, байланыс мәселесі шешілмеген аумақтар да аз емес. Әсіресе, күре жолдардың бойы мен ірі елді мекендердің тұрғындарынан арыз-шағым бар деді Үкімет басшысы. Ауыл-аймақтарға да желі тартылғанымен, барлық үй интернетке қосылып тұрған жоқ. Премьер-министр осы мәселені Цифрлық даму министрлігі, байланыс операторлары мен әкімдіктерге бірлесіп шешуге бір ай уақыт берді. Сондай-ақ, келер жылы нарыққа тағы екі байланыс операторы қосылмақшы.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ
ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ
- Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO шығады деп күтіп отырмыз. Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы барлық төрт спутниктік оператор ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін жерүсті стансаларын орналастырған бірінші ел болмақ.
Осы жоспардың барлығы ойдағыдай іске асса, интернеттен ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Дегенмен, сапасы артады деп министрлік сүйіншілегенімен, бұл бағаға кері әсер еткен сыңайлы. Мобильді операторлар келесі жылы тарифті көтеруді көздеп отыр. Мәселен, Beeline бағаны 10 пайызға, Kcell 10–12 пайызға, ал Tele2 мен Altel 10–15 пайызға қымбаттатпақ. Жаңа тарифті компаниялар желіні жаңарту мен инфрақұрылымды дамытуға кететін шығындардың өсуінен деп түсіндірді.