Менталдық ерекшелігі бар астаналық тұрғын әлемдік бренд бутигінде жұмысқа орналасты
Астаналық Айша Булатова алғаш рет жұмысқа орналасты. 29 жастағы бойжеткен «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен тігін ісін меңгеріп, кәсіби бағдар алып, болашағына сеніммен қарай бастады.
Айша – ерекше білім беру қажеттілігі бар жастарға арналған кәсіби-техникалық бағдарлама қатысушысы. Ол Астана қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде аптасына екі рет, үш сағаттан тігін ісін үйренеді.
«Мен түйме тігуді, шоппер мен алжапқыш тігуді, қайшымен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін үйрендім. Қайшыны абайлап ұстау керек екенін түсіндім – саусағымды кесіп алмау үшін», – дейді Айша Булатова.
Айша – менталдық ерекшелігі бар жастар оқитын топтың мүшесі. Тәжірибелі ұстаздың жетекшілігімен олар швей машинкасымен жұмыс істеп, алжапқыш, ұстағыш, шоппер секілді пайдалы бұйымдар тігуді меңгерді.
«20 жылдық тәжірибемде алғаш рет менталдық ауытқуы бар студенттермен жұмыс істеп жатырмын. Алғашқы қиындықтар болды, бірақ Айша өзіне сенімді, әрі ынталы. Ең алғаш машинкамен тігіс тіккен де сол болды», – дейді ұстазы Ақжібек Сейтжанова.
«Алайда білім беру бағдарламалары бейімделмеген, оқытушыларға арнайы дайындық жетіспейді. Ең бастысы – бұл дағдылар олардың өміріне қажет», – деп толықтырды ол.
Оқуды аяқтаған соң Айша танымал брендтің бутигінде тәжірибеден өтіп, бүгінде ресми түрде жұмысқа қабылданды. Ол клиенттермен жұмыс істеу, қаптама мен маркетинг негіздерін үйреніп жатыр.
«Біз бұл бастаманы қолдадық. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Айша – жаңа қызметкеріміз, біз оған ерекше ықыласпен қараймыз. Бұл – құқық пен жауапкершілік, болашақта қажет болатын нақты кәсіби дағдылар туралы оқиға», – дейді “MAX GLAMOUR” ЖШС директоры Жанна Рахметуллина.
Бағдарламаны «Болашақ» корпоративтік қоры 2024 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдер тегін түрде жұмысшы мамандықтарды меңгеріп, курс соңында мемлекеттік үлгідегі сертификат алады. Қазіргі таңда 80-нен астам студент оқып шықса, олардың ондағаны алғашқы жұмыс орнын тапты.
Дереккөз: astanatv.kz