Алматы облысы әкімі Райымбек ауданына жұмыс сапарымен барды
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Райымбек ауданына сапарының басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу болды.
Нарынқол–Сүмбе автожолы жөнделіп жатыр
Сапар барысында аймақ басшысы ең алдымен республикалық маңызы бар Нарынқол–Сүмбе автожолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мердігер компания 38 шақырымдық жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізіп жатыр.
Алексей Фомин, «L-Vessa» ЖШС директорының орынбасары:
«Жол құрылысын өткен жылы бастадық. Әлі 11 шақырым қалды. Жоспар бойынша бұл айда толық аяқталады. Алаңда 8 техника мен 18 жұмысшы бар. Ескі асфальт жиегін бекітуге пайдаланылады, ал үстіне жаңа асфальт төсеп жатырмыз. Жобадағы жолдың ені – 6 метр, тығыздалғандағы қалыңдығы – 6 сантиметр.»
Тұрғындар көтерген мәселелер
Кездесу барысында ауыл тұрғындары аудандық аурухана мен мектепті жөндеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Нарынқолдағы шекаралық аймақтағы су тапшылығын шешу үшін су қоймасын салу ұсынылды.
Дәулет Жанбабаев, Нарынқол ауылының тұрғыны:
«Аудан аумағынан екі өзен ағады. Көктем, күз мезгілінде олардың суы Қытайға кетіп қалады. Егер тоған салынса, егін суаруға қажетті су жеткілікті болар еді. Сол арқылы шаруалар әртүрлі дақыл егуге мүмкіндік алады.»
Картоп сақтайтын қойма қажет
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар жетіспейді. Шаруалардың еңбегі зая кетпеуі үшін кемінде 10 мың тонна картоп сақтайтын қойма салу қажет. Биылдың өзінде Райымбек ауданында шамамен 4,5 мың тонна картоп жиналған.
Дулат Құлмамыров, «Алтын-Дән 1» кооперативінің төрағасы:
«Мемлекет қолдауымен ауданымызда 150 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесі орнатылды. Қара-Ой алқабында да жұмыстар жүріп жатыр, онда 500 гектар қамтылмақ. Болашақта бұл көрсеткіш 2–3 мың гектарға дейін кеңейеді. Бірақ бізге қоймалар керек. Сонда өнімді партиялап, көктемге дейін жеткізуге мүмкіндік болады.»
Аймақ басшысы бұл мәселені назарға алып, алдағы бюджет жоспарында қарастыруға уәде берді.
Шекара қызметкерлеріне жаңа үйлер салынды
Сапар аясында облыс әкімі Нарынқол шекара отрядының қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлердің жай-күйімен де танысты. Құрылысы 2024 жылдың қарашасында басталған үйлер биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Әрқайсысы 70 шаршы метрді құрайтын баспаналар заманауи талаптарға сай тұрғызылған. Жобаға жергілікті бюджеттен 124 миллион теңге бөлінді.
Айдос Айтахунов, Нарынқол шекаралық отрядының бастығы:
«Жаңа үйлердің салынуы – облыс және аудан әкімдігінің бірлескен ірі жұмысы. Бұған дейін де қызметтік тұрғын үй беріліп келген, алайда бұл жолы әскери қызметкерлерге жаңа баспананың кілті тапсырылды. Жағдайдың жақсаруы – біз үшін үлкен қолдау.»
Марат Сұлтанғазиев шекара қызметкерлерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді. Оның айтуынша, мұндай сапарлар халықпен байланысты нығайтып, аймақтағы жағдайды көзбен көруге, тапсырмалардың орындалуын дер кезінде бақылауға мүмкіндік береді.