Алматы облысының әкімі Кеген ауданына жұмыс сапарымен барды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Кеген ауданына жұмыс сапары тұрғындарды жеке қабылдаудан басталды. Көтерілген негізгі мәселелердің қатарында суармалы арналарды қалпына келтіру және ауыз судың тапшылығы болды.

Аудандық мәслихат депутаты Ғалия Дәрубаева бұл мәселенің өңір үшін өзекті екенін атап өтті:
«Ауыз судың жетіспеуі – бүкіл ауданға ортақ мәселе. Әсіресе қыста қиындық туындайды. Сізден су құбырын тарту мәселесін шешіп беруді сұраймыз», – деді ол.

Өз кезегінде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бірқатар ауылдарға қатысты құжаттар дайындалғанын хабарлады:
«Жобаны жүзеге асыру үшін 10 миллиард теңгеден астам қаржы қажет, тиісті өтінім республикаға жолданды», – деді аудан басшысы.

Әлеуметтік нысандардың жаңғыруы

Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Жалаңаш ауылындағы мәдениет үйі толық реконструкциядан өтіп, 476 миллион теңгеге ғимарат пен жабдықтары жаңартылды. Қызметкерлер саны екі есеге артты.

Сондай-ақ, Кеген орман шаруашылығы да жаңа ғимаратқа көшті. Бұрынғы ескі кеңсе орнына 414 миллион теңгеге жөнделген кеңсе пайдалануға берілді.
Қызметкер Ринат Алпысбаевтың айтуынша, жаңа кеңсе мамандардың жұмысын жеңілдетіп отыр:
«Біздің қарамағымызда өте үлкен орман аумағы бар, құжаттар да көп. Ескі кеңседе жұмыс істеуге еш жағдай болмады. Қазір барлығы ыңғайлы», – деді ол.

Аймақ басшысы сапар барысында «Кеген» шекара бекетінің жұмысымен де танысты. Онда шекара инфрақұрылымын жетілдіру және туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы кешенін салу және инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл бағыт Президент Жолдауында көтерілгенін еске салды:
«Президент Жолдауында Алматыда тау кластерін дамыту жөнінде тапсырма берген. Әрине, бұл бағытта Алматы қаласымен бірлесіп жұмыс істейміз. Қазіргі таңда шалғай аудандарда тау кластерін дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Ол үшін алдымен инфрақұрылымды күшейту қажет», – деді өңір басшысы.

Осылайша, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Кеген ауданының өзекті мәселелерін тыңдап, қол жеткізген жетістіктермен танысты. Сонымен бірге өңірдің алдағы даму перспективалары да айқындалды.

Сондай-ақ оқыңыз: