Алматы облысында қоқыс полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр
15 қыркүйекте Алматы облысындағы қоқыс полигонында басталған өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Оқиға орнында арнайы штаб құрылып, жағдай тәулік бойы бақылауда тұр.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев өрт сөндіру аймағына барып, атқарылып жатқан шаралармен танысты. Қазір төтенше жағдайлар қызметі, коммуналдық мекемелер мен құрылыс компаниялары жұмылдырылып, барлығы 120-дан аса техника және 200-ден астам маман жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігі назарда ұсталып, тамақтану ұйымдастырылған. Сондай-ақ медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр.
«Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда»
Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов жағдайға қатысты:
«Қазіргі таңда алты учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Барлық күш пен құрал толық жұмылдырылды. Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді.
Өртті ауыздықтау үшін алты учаскеде су жеткізу жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл ретте автоцистерналар мен арнайы қондырғылар пайдаланылып жатыр. «Терең-Қара» өзенінен 70-ке жуық өрт сөндіру рукавы төселіп, магистральдық желі тартылды. Бұл жалынды шектеуге мүмкіндік берді.
«Ауаның сапасы бақылауда»
Алматы облыстық ТЖД басшысы Дәурен Оразбековтың айтуынша, жағдай тұрақты бақылауда тұр:
«Өрттің таралу қаупі бақылауда. Әр төрт сағат сайын ауаның сапасы тексерілуде. Қауіпті нормадан асып кеткен жағдай тіркелген жоқ», – деді ол.
Қазіргі таңда Алатау қаласы төтенше жағдай жариялау үшін құжат дайындап жатыр. Бұл шешім қосымша техника әкеліп, жанар-жағармай сатып алуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына қоқыс арасындағы өздігінен жану себеп болған. Бақытымызға орай, зардап шеккендер жоқ.