Алматы облысы мен Қытайдың Цинхай провинциясы жеті меморандумға қол қойды
Алматыда Алматы облысы мен Қытай Халық Республикасының Цинхай провинциясы арасында ынтымақтастық туралы бірден жеті меморандумға қол қойылды. Құжаттар екіжақты серіктестіктің негізгі салаларын қамтиды: экономика мен сауда, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және достық қарым-қатынасты нығайту.
Тараптар өзара тәжірибе алмасуды күшейтіп, жоғары деңгейдегі байланыстарды кеңейтуге және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында бірлескен жобаларды дамытуға уағдаласты.
Келісімдерге сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерімен сауда жүргізу, жаңартылатын энергетика саласында бірлескен зерттеулер ұйымдастыру, «1+4» бағдарламасы бойынша студенттермен алмасу және толық стипендиялар бөлу, медициналық жобаларды дамыту, төтенше жағдайларға әрекет ету тәжірибесін ортақ пайдалану және трансшекаралық сауданы ілгерілету жоспарланып отыр.
Қол қойылған меморандумдардың мерзімі бес жылға есептелген, әрі оларды ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Екі тараптың өкілдерінің айтуынша, бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестікті тереңдетудің және байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы болмақ.