Қонаев тұрғындары үшін ауызсу тарифі 2026 жылға дейін өзгермейді

Фото: Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қонаев қаласында «Тариф инвестицияға айырбас» бағдарламасы аясында су және кәріз желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама бойынша ауызсу тарифі 2026 жылдың шілдесіне дейін өзгермей қалады.

ГКП «Қонаев Су Арнасы» басшысы Мәди Темиралиев Табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдеріне атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Оның айтуынша, тозған желілерді ауыстыру, техникалық базаны жаңарту және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін бес жылдық бағдарлама бекітілген. 2024–2025 жылдарға 462 млн теңге бөлініп, 7 шақырымнан астам су және кәріз желілері жаңартылып, сүзгі станцияларына 7 жаңа сорғы орнатылды.

Департамент басшысы Гүлмира Утегенова бұл бағдарламаның инфрақұрылымды жаңғыртудағы нақты қадамдардың бірі екенін атап өтті:

— Қалаға тәулігіне 20 800 текше метр су қажет. Халыққа суды үздіксіз жеткізу үшін сүзгі станцияларындағы жабдықтар мен сорғылар жаңартылып жатыр. Кәсіпорынның проблемалық мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде, — деді ол.

Сонымен қатар, келесі жылы жаңа бес жылдық жоспар қабылданатыны белгілі болды. Оның негізгі басымдығы — желілердің тозу деңгейін төмендету. Бұдан бөлек, коммуналдық кәсіпорындарға арналған Ұлттық жоба іске қосылады. «Қонаев Су Арнасы» оған қатысу үшін өтінім бермек.

— Маңыздысы, 2026 жылдың шілдесіне дейін ауызсу тарифі өзгермейді. Тарифті негізсіз өсіруге жол берілмейді, — деп қосты Гүлмира Утегенова.

Жиыннан кейін департамент басшысы бірқатар нысандарды аралап, жұмыстардың барысымен танысты.

Айта кетейік, бұған дейін Қонаевта кәріз суларын тазарту жүйесіне капиталды жөндеу жүргізілетіні хабарланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз: