Қапшағай жағалауына биыл 1,8 миллионға жуық турист келді
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында биылғы шомылу маусымы аяқталуға жақын. Дегенмен күннің ыстық болуына байланысты жағалауға ағылатын демалушылар қатары әлі де сиреген жоқ. Екі жарым айдың ішінде мұнда 1 миллион 800 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мыңға артық.
Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде Қапшағай жағалауында 140-тан астам демалыс орны бар. Әсіресе №5, №6 және №7 жағажайлар халық ең көп жиналатын аймақтар саналады. Мұнда санитарлық талаптарға сай 75 заманауи әжетхана, 170-тен аса қоқыс контейнерлері орнатылған. Сонымен қатар құтқарушылар, дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер демалушылардың қауіпсіздігі үшін тұрақты кезекшілік атқарады.
Қапшағай жағалауының беделі де артып келеді. Жақында халық ең көп шоғырланатын №5 жағажай республикалық байқауда екінші орын алып, еліміздің үздік жағажайларының қатарына енді. Бұл жетістік соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Жаңа демалыс аймақтары ашылып, ескі нысандар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды.
Бүгінде жағалауда 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал 2024 жылдан бастап 2030 жылға дейін жалпы құны 470 миллиард теңгені құрайтын тағы 26 жоба қолға алынбақ. Жоспар толық орындалса, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасының дамуына елеулі серпін бермек.