Қонаевта дәрігерлер үш жасар баланың өмірін аман алып қалды
18 шілде күні Қонаев қаласындағы жағажайлардың бірінде үш жасар бала суға батып кете жаздады.
Ата-анасымен бірге демалысқа келген кішкентай Абылай абайсызда үрмелі баллоннан сырғып түсіп, суға кеткен. Әкесі бұл жағдайды дер кезінде байқап, ұлын бірден шығарып алды. Бала Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді.
«Бала жеткізілгенде ес-түссіз жағдайда болды. Оны жасанды тыныс алу аппаратына қостық, бір тәуліктен кейін есін жиды», — деді аурухана директоры Айман Рақышева.
Абылайдың анасы Алуа Мерлібай дәрігерлерге көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ол отбасын қонақүйге орналастырып, материалдық көмек көрсеткен және қолдауын жалғастырып отырған әкімдік қызметкерлеріне де ризашылығын жеткізді.
Алдағы екі күн ішінде Абылай ата-анасымен бірге туған қаласы Сарыағашқа оралмақ.
Ресми мәлімет бойынша, шомылу маусымы басталғалы бері ауыр жағдайда реанимацияға 7 адам түскен, барлығы аман қалып, үйлеріне шығарылған. Жалпы, судағы оқиғалардан кейін 27 адамға медициналық көмек көрсетілген.
Сонымен қатар, №5 және №6 жағажайлардағы құтқарушылар осы маусымда шамамен 40-қа жуық қайғылы жағдайдың алдын алып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Қонаев қаласының әкімдігі судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау — өмір мен денсаулық кепілі екенін еске салады. Демалыс кезінде абай болыңыздар!