Еркін ауылында алғашқы спорт алаңы ашылды

Талғар ауданы Еркін ауылында алғаш рет спорт нысаны бой көтерді. Жобаның құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталып, жақында пайдалануға берілді.

Жаңа алаңның аумағы – 600 шаршы метр. Мұнда жасанды жамылғысы бар мини-футбол алаңы, волейбол мен баскетбол алаңдары, воркаут аймағы, үстел теннисі мен армрестлингке арналған орындар қарастырылған. Бұл спорт нысанына жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлінген.

Жаныл Бахтиярова, ауыл тұрғыны:

«Балаларымыз үйден шықпай, тек телефон қарап отырады. Бұрын серуендейтін де, спортпен айналысатын да орын болмаған еді. Енді міне, осы алаңның арқасында балаларымыз пайдалы іспен айналыса алады. Өте қуаныштымыз.»

Алаң ресми ашылған күні-ақ ауыл балалары барлық спорт құралдарын сынақтан өткізіп үлгерді. Ал ауыл әкімі балалардың қошеметіне бөленіп, турникке бірнеше рет тартылып, өзінің спорттық шеберлігін көрсетті.

Ербол Байсапаров, ауыл тұрғыны:

«Ауылымыз жылдан-жылға өсіп келеді. Соңғы 3-4 жылда көптеген оң өзгерістер орын алуда. Квартал басшылары арқылы халықтың ұсыныс-тілектері тікелей әкімге жеткізіліп, жергілікті бағдарламалар жүзеге асып жатыр.»

Қазіргі таңда бұл – ауылдағы жалғыз спорт нысаны. Алайда тұрғындар саны бес мыңға жуық екенін ескерсек, мұндай алаңдардың көп болғаны жөн. Кайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаевтың айтуынша, болашақта тағы екі-үш спорт алаңын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, Еркін ауылының бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, 5 гектар аумаққа емхана, мәдениет үйі және саябақ салу көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз: