Ават ауылында санаторий ашылды
Еңбекшіқазақ ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тегін шипажай ашылды. Сауықтыру орталығы келушілерге жеке оңалту бағдарламасы бойынша медициналық және реабилитациялық көмек ұсынбақ. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Жоба 40 жылдық тәжірибесі бар педагог Нығмет Садуақасқызының бастамасымен жүзеге асырылуда. Алғашында балалар лагерін ашқан орталық иесі уақыт өте келе, толыққанды инклюзивті шипажай ашу бастамасын қолға алған.
НЫҒМЕТ САДУАҚАСҚЫЗЫ
ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ
«Лагерь жақсы, бірақ ол 2-3 айдан артық жұмыс істемеді. Балалардың демалыс кезінде ғана болды. Ол үшін барлық мектеппен келіп тұратын кесте жасау керек болды. Ол мен үшін қиын жұмыс болды. Сосын лагерь болып тұрған дүниеден халыққа қызмет көрсету орталығын ұйымдастырдық.»
Жоба Қазақстанда қолжетімді оңалтудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Сондай ақ, орталық медициналық технологияларды, табиғи ресурстар мен заманауи инфрақұрылымды пайдаланып, ерекше жандарға жағдай жасамақ. Ал басты ерекшелігі оңалту бағдарламасы бар кез-келген адам тегін ем қабылдауға жолдама ала алады.
ТАУКЕ АБДРАХМАНОВ
БАС ДИРЕКТОР
«Шипажайға тіркелу үшін «Алаумет.kz» порталы арқылы өтініш беріп, ыңғайлы күнді таңдауға болады. Мұнда магнитотерапия, физиотерапия, массаждың барлық түрлері, тұзды бөлмелер, емдік душтар ұсынылады. Сонымен қатар күніне бес мезгіл тамақ қарастырылған.»
Шипажайда емдік қызметтерден бөлек, уақытты тиімді әрі қызықты өткізіп, демалуға арналған мүмкіндіктер де қарастырылған. Келушілер түрлі үстел ойындарын ойнап, тіпті әуе шарымен аспанға ұша алады.
РАУАН САҒАДИЕВА
"ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРЫНЫҢ АТА-АНАЛАР ОДАҒЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
«Бұл мекемемен тығыз жұмыс істеп, тек шипажайлық ем емес, сондай-ақ күндізгі форматтағы арнайы әлеуметтік қызметтерді дамыту да жоспарланып отыр. Бұл балалар мен ересектерге бірдей қолжетімді болады.»
«Баян жүрек» шипажайы жылына 2000 нан астам адам қабылдап, ем-дом шараларын жүргізбек. Орталық тұрғындарға жаңа мүмкіндік сыйлап отыр. Себебі бұған дейін өңірде мұндай екі орталық ғана жұмыс істеген.