Ұйғыр ауданында ел игілігіне жаңа медициналық нысандар берілді
Ұйғыр ауданында ел игілігіне жаңа медициналық нысандар берілді. Заманауи талаптарға сай салынған дәрігерлік амбулаториялар Ават және Тиірмен ауылдарында ашылды. Ават ауылында ашылған жаңа амбулаторияда тұрғындар үшін сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Мұнда скринингтік тексерулер, алдын алу шаралары және күндізгі стационар қызметі қарастырылған.
ТҰРҒАНБЕК ҚҰРМАНҚҰЛОВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Бүгін ауылымызда үлкен той болып жатыр. Президентіміздің бастамасы бойынша міне ауыл-ауылда дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Соның бірі міне Тиірмен ауылында салынды. Пайдалануға беріліп, бүгін қуаныштымыз бәріміз. Ауыл халқы, көпшілік, балаларымыз, келешек жастарымыз үшін, ұрпақтарымыз үшін игі шаралар болып жатыр. Қуанышымыз құтты болып, жақсы қызмет етсін.
Тиірмен ауылындағы дәрігерлік амбулатория да заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындарына кешенді медициналық көмек көрсетуге жол ашты. Жалпы, Ұйғыр ауданында бүгінде 25 медициналық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 дәрігерлік амбулатория, қалғаны медициналық пункттер.
АЛИЯ АҚЖОЛТАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша ауданымызда 6 нысан беріліп жатыр. Соның ішінде 4 амбулатория, 2 ФАП. Қазіргі таңда Ават және Тиірмен ауылдарында 2 дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Бұл жерде амбулаториялық көмек көрсетіледі. Демек ішінде скрининг, алдын алу шаралары, күндізгі стационар бар. Негізі әр амбулаторияда 1 дәрігерден және 14-15 орта буынды медициналық қызметкерлер жұмыс атқарады.
Алдағы уақытта тағы 4 ауылда осындай медициналық нысандар салу, сондай-ақ Сүмбе ауылындағы медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.