Нарынқолдық шебер Орынгүл Баратжанқызы 20 жылдан астам уақыттан бері ел алғысына бөленіп келеді
Нарынқолдық шебер Орынгүл Баратжанқызы 20 жылдан астам уақыттан бері аяқ киім тігіп, ел алғысына бөленіп келеді. Ол табиғи былғарыдан сапалы етік тігіп, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырды. Ал мемлекеттен алған гранттың арқасында кәсібін кеңейтті. Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, тағдыр тауқыметіне мойымай, еңбектің арқасында өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Қазақы нақыштағы аяқ киімдерді тігу – үлкен шеберлікті талап ететін іс. Орынгүл Баратжанқызы бұл кәсіпті жолдасымен бірге қолға алған. Ерлі-зайыпты шеберлер әрбір өнімді ерекше ұқыптылықпен, сапалы материалдарды пайдаланып дайындайды. Таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер ұзаққа шыдамды әрі қолайлы болуымен ерекшеленеді. Сондықтан олардың өнімдеріне деген сұраныс бар.
ОРЫНГҮЛ БАРАТЖАН
ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Мына бүгінгі кәсібімді мен 20 жылдан асты бастағаныма. Өзім ғана бастап едім, кейін жолдасымды үйреттім, әрі қаратай 8 шәкірт тәрбиеледім. Денсаулығыма және қаржылық жағдайға байланысы соңғы 1 жылдықта адамдарымды қысқартып, жолдасым екеуіміз істеп отырмыз. болашақта үлкен цех жасаймын деген үмітім бар. күніне мысалы қолымыз жүрген күні 10 аяқ-киім шығарамыз. 5 тен жоғары қаратай 10 нан төмен қаратай аралықта аяқ киім шығарамыз. күнде бітіреміз, күніне заказ алып кетеді.
МАҚПАЛ МЕРГЕНБАЕВА
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
“Біз жоғары сапада жаңағы Орынгүл тәтеге аяқ киімдер тіктіреміз. Біз отбасымызбен сол кісінің аяқ киімдерін аламыз. Осымен 2 ші жыл. Таза былғарыдан тігілген. Сапасы өте жақсы, су өткізбейді, өзімізге ұнайды”
Кәсіпкердің айтуынша, бұл істі дамыту оңай болмаған. Денсаулығында аздаған кінарат болса да, ол мойымай, сүйікті ісін жалғастырып келеді. Еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында шағын шеберхана бүгінде тұрақты тапсырыс қабылдайтын кәсіпке айналған. Етікші тіккен аяқ киімдер тек күнделікті қолдануға ғана емес, ұлттық нақыштағы сахналық киімдерге де арналған. Тіпті қазақи фильмдерге түсетін актерлер де ұлттық үлгідегі аяқ киімдерді шеберге арнайы тапсырыс беріп тіктіртеді.
ОРЫНГҮЛ БАРАТЖАН
ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Тапсырыстар Қазақстанның кез-келген жерінен келеді. Мысалғы, Өскемен, Астанаданда келеді мына Шонжы, Жаркент мысалға. ал өзіміздің мына үлкен кинолар түсіп жатыр ғой, ата-бабамызың бұрыңғы соларғаа кинотеатрларғада аяқ киім тіктім, оларда риза болып кетті.Енді болашақта мына Райымбек ауданында лесхозға, ветеринарлық мекеме, үкіметтік мекемелерге үкіметтен аяқ киімдер бөлінеді екен ғой, соны ұтып алып, соныда қолға алсақ деген ойда бар, сөйтіп-мөйтіп ақырын үлкейеміз.
Кәсіпкер алдағы уақытта арнайы цех ашып, өндірісті кеңейткісі келеді. Бұл бастама ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік бермек. Ұлттық қолөнерді дәріптеп, қазақы нақыштағы сапалы аяқ киімді көпшілікке кеңінен таныстыру – Орынгүл Баратжанқызының басты мұраты.
Бұл – Нарынқолда тігілген таза былғары аяқ киім. Әрбір тігісі мен бөлшегі қолмен жасалып, ерекше ұқыптылықпен дайындалады. Осындай сапасы мен ұлттық нақышының арқасында шебердің өнімдеріне сұраныс артып келеді. Ең бастысы – бұл тек аяқ киім емес, ұлттық қолөнердің бүгінгі жалғасы.