Іле ауданында заманауи екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді
Іле ауданында заманауи екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жаңа медициналық нысандар халық тығыз қоныстанған Береке және Көкқайнар ауылдарында бой көтерді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері аймақта бірнеше медициналық нысан пайдалануға берілсе, бүгін тағы екі жаңа емдеу орыны ашылды. Бұған дейін медициналық көмек алу үшін Көкқайнар аулының тұрғындары көрші ауылға қатынауға мәжбүр еді. Енді олар сапалы емді өз ауылдарында ала алады.
ҰЛБАЛА УАШБАЕВА
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
« Біздің ауылда міне қуанышты, амбултария ашылып қуанып жатырмыз. Балтырымыз сыздамай тұрмайды, ауырып қаламыз. Мынау 3 ші отделенияға барып күнде автобус тосамыз, такси тосамыз сөйтіп шаршап, шалдығып барамыз. Енді жақсы болды, үйдің қасында бала шағаға да, өзімізге де система алсақ та... бәрі жақсы қуанып жатырмыз.
Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың өзегі екенін атап өтті.
Қос нысанға бөлінген қаражат көлемі 8 млрдан асады. Жаңа амбулаториялардың материалдық-техникалық базасы толық жарақталған. Береке ауылындағы амбулаторияда ана мен бала бөлмелері, акушерлік және терапевт кабинеттері қарастырылған. Нысан қуаттылығы күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, 4 орындық күндізгі стационар бөлімі де жұмыс істеп тұр.
ФАРИЗА ХОНТАЕВА
АМБУЛТОРИЯ МЕҢГЕРУШІСІ
«Тіркелген ауылдық тұрғылықты саны 8800. Оның бізге қаралуға 5200 населения тіркелген. Мүгедек балалардың дамуына арналған кабинеттерміз бар, сосын тыныс жолдарында бір ақау бар болған адамдардың тексерілу кабинеттері бар. Одан бөлек физиокабинеттер бар»
Жалпы, облыста 36 медициналық мекеме пайдалануға берілді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік және 11 медициналық пункт бар. Сонымен қатар, ұлттық жоба шеңберінде Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы мен перинаталдық орталық жаңғыртудан өтті. Дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары қазір Қарасай аудандық ауруханасында да жалғасып жатыр.