Жүздеген отбасы баспаналы болды

Бүгін - Алматы облысы үшін берекелі күн! Қонаев қаласы мен Іле ауданының тұрғындары қоныс тойын тойлап жатыр. Көптен күткен баспана қуанышына ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрған отбасылар кенелді. Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс басшысы қуаныш иелерін құттықтап, жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.

«Отбасы банк» арқылы жалға берілген бұл үйге 50-ге жуық отбасы қоныстанды. Пәтерлер  алдымен кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға үлестірілді. Құттықтау сөзінде өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев  мемлекет тарапынан халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатынын атап өтті.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Тұрғындарымыз үшін сенімді болашақ пен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету - мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. 2025 жылы 1700 үй сатып алынды. Аталған үйлер биыл ел игілігіне берілетін болады. Жалпы жыл соңына дейін 2 мыңға жуық облыс тұрғыны жаңа баспанаға қол жеткізетін болады. Сіздерді баспаналы болуларыңызбен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш тілеймін!»

Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 70 мыңға жуық адам тіркелген. Оның ішінде 21 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Жаңа баспаналарды үлестіру жұмыстары «Отбасы банк» арқылы жүйелі жүргізілуде.

ҚУАНЫШ ҰЛАСБЕКОВ
«ОТБАСЫ БАНКІНІҢ» ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ
«Қазіргі уақытта облыс бойынша Қарасай ауд, Талғар ауд, Жамбыл ауд және Іле аудандары несиелік пәтерлерді өткізіп жатыр. Қонаев бойынша тек қана жалға берілетін пәтер. Бұл жалға берілетін уақыты 100 жылға дейін. Сондықтан да өте тиімді бағдарлама, ал несие 20 жылға дейін беріледі. Бірақ бағасы 2 немесе 5 пайызға беріледі. Ол да өте тиімді. Ол тек қана кезекте тұрған адамдарға ғана беріледі»

2023 жылдың желтоқсанында басталған бұл нысан жаңа қоныстанушыларды күтуде. 20 мың шаршы метрден асатын аумақта 120 пәтер орналасқан. Пәтерлер көпбалалы аналарға, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді.

 МАЯ ҚАСЫМОВА
КӨП БАЛАЛЫ АНА
«Осы үй кезегіне тұрғаныма 12 жыл болды, 5 баланың анасымын. Аллаға шүкір осы ораза айында өте бір керемет жақсы баспаналы болып жатырмыз. СКЛ облыс әкіміне, президентіміз Қасымжомарт Тоқаевқа алғысымыз шексіз. Тек жақсы күннен болсын, бақыттымын, ризамын, Алла разы болсын»

Қуанышты күнді асыға күткендердің қатарында Іле ауданының тұрғындары да бар. Ауданда заманауи 174 пәтерлік «Galamat» тұрғын үй кешені бой көтерді. Бүгін  82 пәтер кілті иелеріне  табысталды. Ал қалған пәтерлерді «Отбасы банк» арқылы тұрғындарға үлестіру жоспарланып отыр. Жалпы, қазіргі таңда Іле ауданында 5 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан жаңа баспаналардың пайдалануға берілуі – көптен күткен қуанышты жаңалық. 

РЫСКҮЛ ӨМІРБЕКОВА
ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Міне көптен күткен шаңырағымызға ие болып жатырмыз. Мына әкімшіліктерге рахмет, осы шаңырақты 12 жыл болды күткеніме. Сол міне бүгін баспаналы болып қуанып, міне кілтімді алып, қуанып жатырмыз бала шағамызбан. Баршаңызға рахмет»

Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды. Жыл соңына дейін екі мыңға жуық отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз: