Қазақстан климаттық тұрақтылыққа қадам басты Алматы облысында карбон мен органикалық егіншілікке арналған алғашқы “Дала күні” өтті

Фото: dairynews.today

2025 жылғы 19 маусымда Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет “Органикалық және карбон егіншілігін дамыту – ауыл шаруашылығының тұрақты жолы” атты Дала күні өтті. Бұл шара – 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолындағы нақты қадамдардың бірі.

Бүгінде Қазақстанда топырақтың тозу қарқыны жылдамдап барады. Ел аумағындағы жердің 33%-ы эрозияға ұшыраған, ал егістік алқаптарының 75%-ы түрлі деңгейдегі деградацияны бастан кешіп отыр. Осы ретте органикалық және карбон егіншілігі – ауыл шаруашылығының болашағы ретінде қарастырылуда.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Асқар Күрішбаев өз сөзінде Қазақстанның көміртегі сіңіру әлеуеті жоғары екенін атап өтті:

“Жайылымдарды қалпына келтіру, тозған жерлерді игеру, орман алқаптарын отырғызу және көпжылдық дақылдарды дамыту арқылы топырақты тиімді көміртегі қоры ретінде қолдануға болады. Карбон полигондарын дамыту – еліміздің климаттық саясатының басты бағыттарының бірі”, – деді ол.

Академия ұсынған басым бағыттар мыналар:

  • Карбон егіншілігі бойынша мемлекеттік саясат қалыптастыру;
  • Көміртегіні үнемдейтін агротехнологияларды енгізу;
  • Карбон полигондарының желісін құру;
  • Жасанды интеллект пен ГАЖ технологияларын қолдана отырып, көміртегі теңгерімін бақылау және тексеру жүйелерін дамыту;
  • Ұлттық көміртегі бірліктері нарығын іске қосу.

Шараға Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, облыс әкімдері, ғалымдар, кәсіпкерлер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Олар органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктері мен тұрақты жер пайдалану бағытындағы кешенді шешімдерді талқылады.

Шара қорытындысы ретінде органикалық және карбон егіншілігін ұлттық деңгейде дамытуға арналған нақты ұсыныстар топтастырылған резолюция әзірленеді.

Сондай-ақ оқыңыз: