Мейірімді ана - мықты маман!
Бүгінгі қоғамда әйелдердің орны ерекше. Нәзік жандылар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ерлермен иық тіресіп, кез келген ауыр жұмыстың жүгін қайыспай көтеріп жүр.
Айнаш Алтынбекованың мамандығы - қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Алайда қазір ол мектепте емес, цехта еңбек етуде. Бес бала тәрбиелеп, немере сүйіп отырған аяулы ана қиындықтан қашпайды. Ол тіпті емхананың жан сақтау бөлімінде де жұмыс істеді. Адам өмірі үшін күрескен кейіпкеріміз, бүгінде станок басында өз несібесін теріп жүр. Бала-шағасының болашағы үшін ол күн сайын таңғы 6-дан бастап, 12 сағат бойы қызмет етеді.
АЙНАШ АЛТЫНБЕКОВА
ЗАУЫТ ЖҰМЫСШЫСЫ
«Аллаға шүкір осы жұмысты таңдап, өзім шешім қабылдап осы заводқа келдім. Өз жұмысым өзіме ұнайды. 5 бала-шағаның анасымын, әрине әйел адамға қиын, бірақ амал жоқ, істеу керек. Күресуіміз керек. Бала шағамызды асырауымыз керек. Бастапқы кезде қиын болды бірақ, қаптар да тігілмей кетеді, қисық кетеді. Өте қиын болды, ұрыс естіген кезіміз де болды. Өткен жұмыстарыма қарағанда мына жұмыс маған оңайырақ. Өте ұнайды»
Айнаш зауытта өнімді қаптап, жөнелтуге жауапты маман. Ол бір ауысымда 4700-ге жуық қапты тігіп үлгереді. Әріптестері оның жауапкершілігі мен көтеріңкі көңіл-күйі ұжымға ерекше серпін беретінін айтады.
СЕРГЕЙ БЕДАРЕВ
ӨНДІРІС БАСШЫСЫ
«Ол кісі өте позитивный, бізде жұмыс кішкене ауырлау болса да настроениесі постоянно күшті болады. Өте позитивный кісі. Ол кісі еңбекқор, жұмысты жақсы жасайды»
«Қапшағай бидай өнімдері» зауытында Айнаштан бөлек, 30-ға жуық әйел еңбек етеді. Жалпы, қазір өндірістегі нәзік жандылардың саны жыл сайын артып келеді. Таңнан кешке дейін зауыттың ауыр жұмысында жүрсе де, олар ең алдымен мейірімді ана, аяулы жар.