Есік қаласында әлеуметтік маңызы зор екі нысан ел игілігіне берілді
Есік қаласында әлеуметтік маңызы зор екі нысан ел игілігіне берілді. Қаладағы жаңартылған медициналық мекеме қайта іске қосылып, колледж жанынан салынған жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Салнатты іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғизиев қатысып тұрғындарды құттықтады.
2007 жылы салынған перинаталды орталық былтыр толық жөнделді. Реанимация және операциялық бөлімдер халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Қазір мұнда 60 тан астам әйел ем қабылдап жатыр.
ДӘУРЕН ИМАНӘЛИЕВ
ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ
« Қазіргі таңда бұл перзентханамызға Райымбек ауданы, Кеген, Ұйғыр, Шелек, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының жүкті әйелдері келеді. Оның ішінде үшінші деңгейге қарасты әйелдер үшінші деңгей дегеніміз жағдайы ауыр науқас әйелдер осы жерде босанады. Қосымша экстрагениталдық аурулары бар науқас әйелдер осы орталықта босандырылады. Сонымен қатар шала туған сәбилер осы орталықта емдерін осы жерден алады»
Ана мен бала саулығы — қоғам саулығы. Енді орталық өңір аналарын қабылдауға дайын. Мұнда консультативтік-диагностикалық, акушерлік-гинекологиялық және босандыру қызметі көрсетіліп, жүкті әйелдер бақылауға алынады. Ал жаңа туған сәбилерге неонатологиялық көмек толық көлемде ұсынылады.
Медициналық мекеме жұмысымен танысқан ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасатынын айтты
ТИМУР МҰРАТОВ
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
« Біздің мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір елімізде «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» деген ұлттық жоба жүріп жатыр. Сол жобаның аясында біз елімізде қазір ауылдық елді мекендерде медициналық пункттерді, ФАП, жаңағы амбулаторияларды ашып жатырмыз және 32 осындай үлкен ауданаралық ауруханалардың құрылысын және реконструкциясын және күрделі жөндеулерін жасап жатырмыз»
Есік қаласында тағы бір маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Бұл – Есік гуманитарлық-экономикалық колледжіне арналған 200 орындық жаңа студенттік жатақхана. Салтанатты ашылу рәсімінде жастарды құттықтаған облыс әкімі - бұл мемлекеттің білім саласына көрсетіп отырған қолдауының көрінісі екенін атап өтті.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Атқарылып жатқан барлық игі істер сіздердің кемел болашақтарыңыз үшін. Бұл жатақхана сіздердің екінші үйлеріңізге айналсын. Жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын білікті маман болатындарыңызға сенемін»
НАЗЫМ МАНАП
СТУДЕНТ
«Маған қазіргі жатақхана өте қатты ұнайды, себебі көптеген жабдықтар қамтылған. Сонымен қатар әрбір кабинеттерде көптеген қызығушылықтары бар студенттерге арналған құрал-жабдықтармен қамтылған.»
Қазіргі таңда облыста 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді, олардың 18-інде 4744 орындық жатақхана бар. Сонымен қатар биыл Талғар ауданында жалпы саны 511 студент орналасатын үш жаңа жатақхана ашу жоспарланған.