Қонаев қаласының 3-шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары дабыл қақты
Қонаев қаласының 3-ші шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары дабыл қақты. Пәтерлері суық, дәлізден жағымсыз иіс шығады. Тұрғындардың айтуынша, мұның бәрі әбден ескірген кәріз жүйесінің салдарынан болып отыр. Ал тұтынушылар кооперативі болса, тозығы жеткен құбырларды жөндеуге мүлде асығар емес.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің іші салқын. Олар жылудың жоқтығын жертөледегі тоқтаусыз апаттармен байланыстырады. Пәтерді жылыту үшін қосымша жылытқыштарды қосуға мәжбүр, ал бұл отбасылық бюджетке түсетін артық шығын. Біздің түсірілім тобы барған сәтте жертөледегі жөндеу жұмыстары аяқталып қалыпты. Бір күн бұрын ғана мұнда кәріз құбыры жарылып, нәжіс суы жан-жаққа жайылған еді. Қазір құбырлар тазаланып, кептіру жұмыстары жүріп жатыр.
ҚАСЫМБЕК БИЖАНОВ
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Подвал полностью надо кап ремон потому что трубалардың бәрі жарылып жатыр бәрі, скотчта оралып тұр. Канализациялардың крышкалары ашылып тұр өздеріңіз көргендегідей, сасықтың бәрі сыртқа шығады уже, подьезд, қазір енді күн суық байқалмайды ертең күн жылыған кезде бұның бәрі уже сыртқа шығады.
Ал «Әсем Қапшағай» сервистік ұйымының басшылығы мәселеге басқа қырынан қарайды. Олардың сөзінше, апат туралы өтінім түскен бойда мамандар жіберіледі және дер кезінде жасалады. Бірақ үйдің техникалық жағдайын жақсартуға тұрғындардың қарызы қолбайлау болып отыр.
ЛИДИЯ МИРОНОВА
«МИЛИСТ» СЕРВИСТІК ҰЙЫМ БАСШЫСЫ
«Біз мемлекеттен дотация алмаймыз, тек тұрғындардың жарнасымен жұмыс істейміз. Тек бір подъездің өзінде 500 мың теңгеге жуық қарыз бар. Ал қарызы өтелмеген үйге қалай жөндеу жасаймыз?»
Жұмысшылар құбырлардың бітелуіне тұрғындардың өздерін де кінәлайды. Кәріз жүйесіне тасталған тұрмыстық қоқыс пен қалдықтар тозған жүйенің жұмысын мүлдем қиындатып жіберген. Ал қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімі бұл мәселені екі тарап өзара шешуі тиіс дейді. Егер қызмет көрсету сапасы көңілден шықпаса, тұрғындар басқа кооператив таңдауға құқылы.
Әзірге тұрғындар алдымен сапалы қызмет пен жылу берілсін, сонда ғана төлейміз» деп отыр. Ал кооператив басшылығы «қарыз қайтарылмай, жағдай өзгермейді» деген ұстанымда. Екі тарап ортақ мәмілеге келе алмауда. Бір анығы тозған құбырлар мен қатулы қабақтар мәселені шешпейді. Шешім қос тараптың жауапкершілігінде.