Қонаев қаласында 2025 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны қорытындыланды
Қонаев қаласында 2025 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны қорытындыланды.
Әскерилердің айтуынша соңғы жылдары әскерден жалтаруға тырысатын жастар саны азайып отыр. Ал Алматы облысы бойынша шақыру жоспары артығымен орындалған. Әскерге іріктеуде медициналық және психологиялық тексерулерге ерекше мән берілді. Мамандардың айтуынша, жас сарбаздар бір жыл бойы үйреншікті ортасынан тыс жерде, қатаң тәртіпке бағынып, жауынгерлік міндеттерді орындайды. Сондықтан олардың денсаулығы ерекше мән беріледі.
НҰРБОЛ ЖҰМАШХАН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Әскерге шақырылғандардың психологиялық жай-күйіне бей-жай қарауға болмайды.Медициналық комиссиядан бастап, жан-жақты тексеру жүргізіледі. Мамандар арнайы тестілеу өткізіп, Қарулы Күштер мен басқа да әскер түрлеріне дені-қарны сау жастардың қабылдануын қамтамасыз етеді»
Жоспарға сәйкес өңірден 1790 азамат әскерге шақырылуы тиіс еді. Алайда күзгі науқан қорытындысында 1859 жас жігіт шекара қызметіне, Ұлттық ұланға және Қарулы Күштер қатарына алынды, жоспар артығымен орындалды. Қорытынды жиын облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен өтті. Ол науқан барысында заң талаптарын қатаң сақтау мен сапалы іріктеудің маңызын атап өтті. Айта кетейік, әскерге шақыру жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізіледі.
НҰРБОЛ ЖҰМАШХАН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Әскер қатарына алынатын азаматтардың денсаулығы – маңызды мәселе. Жылжымалы рентген аппараты арқылы қосымша тексеру мүмкіндігі бар. Сондай ақ олардың медициналық құжаттары аудандық комиссияда мұқият қаралады»
2026 жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық басталды. Негізгі басымдық-азаматтарды дер кезінде хабардар етіп, жастар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту. Өңірдің әскери басқару органдары алдағы шақыру науқанын ұйымдастыруға толық дайын екенін мәлімдеді.