Қарасай ауданында қос амбулатория ашылды
Қарасай ауданында қос амбулатория ашылды. Мыңдаған тұрғынға арналған емдеу мекемелері заман талабына сай салынған.
КӨГЕРШІН САХАНОВ
АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Өте керек болды, себебі, мынау үшінші бізде больница ашылып жатқан. Ең соңғы больница сексенінші жылы ашылған. Ол енді кішкене ескіріп, тозып кетті қанша дегенмен. Енді жаңа Қазақстанымыз құлпырып көктеп келе жатыр, құдайға тәубә осының өзіне де. Қуаныштымыз»
Абай мен Үштерек ауылдары Алматы қаласына жақын орналасқан. Халық саны жыл сайын артып келеді. Осы ерекшелікті ескерген мамандар амбулаторияны кең көлемде жобалаған. Жалпы аумағы 550 шаршы метр болатын ғимаратта қабылдау кабинеттері, зертхана, процедуралық және егу бөлмелері, күндізгі стационар қарастырылған. Барлық кабинеттер соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған.
АЙЖАН БАЙМАХАНОВА
АБАЙ АУЫЛДЫҚ АМБУЛАТОРИЯСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Қазіргі кезде бізде бұл жақта стоматология қосылып жатыр. Сосын физ кабинет қосылып жатыр, ол жоқ еді бізде ескі ғимаратымызда. Сонымен қоса жаңадан аппараттар жаңадан келіп жатыр. Тағы да лабораториялық зерттеулер қосылып жатыр. Ғимаратымыз ұлғайып жатыр»
Жаңа амбулаторияларда 12 дәрігер мен 50-ге жуық орта буынды медицина қызметкері еңбек етеді. Қос нысанның құрылысына облыс бюджетінен 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жоба ауыл тұрғындарының медициналық қызметке деген сұранысын толық қамтуға және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Өздеріңіз білесіздер қазір медицинаға, денсаулық сақтау саласына үлкен назар аударылып, мағыналы болып жатыр. Бұдан басқа қазір осы наурыз айында біз облыста бірінші перинаталдық орталық ашылайын деп жатыр, Есік қаласында. Бұл үшінші деңгейлі орталық болады. Шалғай аудандарда орналасқан жаңағы Райымбекте, Шонжыда орналасқан, біздің Кеген ауданының жүкті әйелдері көмек керек болғанда үшінші деңгейлі көмекті сол Есік қаласындағы үлкен перинаталдық орталықта қызмет жасайды»
Қос нысан «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерді. Жалпы биыл облыс көлемінде 19 медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа емдеу мекемелері Кеген ауданында, Еңбекшіқазақ ауданында және Райымбек ауданында ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Қарасай ауданының орталық ауруханасы да күрделі жөндеуден өтуде. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң медициналық мекеме заман талабына сай жаңарып, тұрғындарға кеңейтілген форматта қызмет көрсететін болады. Аурухананың қайта ашылуы да биылға жоспарланып отыр.