Мемлекет басшысы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады
Мемлекет басшысы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын мемлекеттік наградамен марапаттады. Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев жерлесіміздің жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынын ерекше атап өтті.
Жиында XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды. Өз кезегінде олимпиада чемпионы көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдірді.
МИХАИЛ ШАЙДОРОВ
ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді."