Сенатта Конституцияның негізгі ережелері өңірлерден келген белсенді жастардың өкілдерімен бірге талқыланды
ҚР Парламенті Сенатында Қазақстанның неміс жастары одағының активімен кездесу өтті.
Оған еліміздің барлық өңірінен 25 өкіл келді.
Сенат депутаты Евгений Больгерт жастармен ашық диалог түрінде әңгіме өрбітті. Жаңа Конституция жобасының ережелері, парламенттік реформаның негізгі бағыттары, оның ішінде Парламенттің бір палаталы үлгісіне көшу тақырыбына баса назар аударылды.
Қатысушыларға билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту, парламенттік бақылау тетіктерін дамыту, сондай-ақ заң шығару процесінде өңірлердің өкілдігін кеңейту туралы жан-жақты айтылды.
Кездесу барысында заңнамалық рәсімнің ерекшеліктері, жаңартылған саяси жүйедегі заң шығарушы органның функциялары атап өтілді. Саяси жүйені жаңғырту, әділеттілік қағидаттарын нығайту, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігі мәселелері де талқыланды.
Этномәдени бірлестіктің жас өкілдері құрылып жатқан Халық кеңесі институты, жастардың келешекте заң шығару қызметіне қатысуы, қоғамдық диалог тетіктері және депутаттық корпуспен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды.
Евгений Больгерт этномәдени бірлестіктергежастарды тарту және олармен белсенді ынтымақтастық қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Сапар аясында қонақтарға Сенаттың фойесі мен ортырыс залы бойынша экскурсия жүргізілді.Олар сондай-ақ мұражайдағы жәдігерлерді тамашалады және ресми кездесулер мен парламентаралық іс-шаралар өтетін халықаралық кездесулер залында болды.