Қарасай ауданында «Shamshyraq» жас ұстаздар хабы ашылды
Қарасай ауданындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының базасында «Shamshyraq» жас ұстаздар хабы ашылды.
Кеңседе шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар жас мұғалімдердің шығармашылығын арттырып, көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға мүмкіндік беріледі.
Қазір Қарасай ауданында білім беру саласында еңбек етіп жүрген мыңнан астам жас маман бар. Оқу орнын енді ғана тәмамдап, шәкірт тәрбиелеу жолына қадам басқан жас ұстаз заман талабына сай білікті болуы тиіс. Оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін жетік білу - уақыт талабы. «Shamshyraq» хабында білім жас ұстаздардың инновациялық технологияларды меңгеруіне жағдай жасалған.
ӘСЕЛ ЕРКІМБАЕВА
ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Бұл Хабтың мақсаты жас ұстаздарға жаңашыл идея, мотивация, кәсіби бағдар, психологиялық көмек және жаңа ұстаздың келбетін алып келетіндей мүмкіндік жасайды. Мына білім саласының майталмандарымен өзара ынтымақтастық аясында дамыту, оқыту курстары жүргізілетін болады»
Жоба аясында әр пән бойынша 35 топ жетекшісі тағайындалған. Семинар мен шеберлік сабақтары енді жастар орталығында жиі өткізіледі. Сондай-ақ орталықта «Жайдарман», «Дебат клубы», «Жас ақындар» үйірмесі бар. Мұғалімдердің шығармашылық қабілетін шыңдап, заманауи медиаконтент әзірлеуіне мүмкіндік жеткілікті.
МАҚСАТ КЕНЕШЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Қарасай ауданында жастарға қызмет көрсету орталығы ашылғалы бері үлкен бір серпіліс беріліп отыр. Осы мүмкіндік арқасында ұстаздарға үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл облыстағы ең алғашқы хабтардың бірі. Қазіргі уақытта жастарға қызмет көрсету орталығында барлық бағыттар бойынша жұмыстарды атқару жоспарланып отыр. Соның ішінде осы «Шамшырақ» ұстаздар хабын техникамен қамтамасыз ету көзделіп отыр»
ЕЛДӘУЛЕТ АЛТЫНБЕК
«SHAMSHYRAQ» ЖАС ҰСТАЗДАР ХАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
«Қазіргі таңда жас мамандардың идеясы өте көп. Біз оны қолдау мақсатында осы орталықта қазіргі кезде қолға алынып жатқан жасанды интеллект бағыты бойынша бір-бірімен тәжірибе алмасатын болады. Және жас мамандардың шығармашылық дамуына мектептен тыс еркін форматта өздерінің бір-бірімен ақылдасып, тәжірибе алмасуы осы орталықта жүзеге асырылады»
Игі бастама мұғалімдердің жан-жақты дамуын көздейді. Білікті ұстаз білімді шәкірт тәрбиелемек. Аудандық білім бөлімі мен Жастар орталығының бірлескен бастамасы жаңа, тың идеяларға серпін беріп, олардың нақты іске асуына жол ашады.