Жалпыұлттық коалиция өкілдері Қонаев қаласына іссапармен келді
Жалпыұлттық коалицияның біртоп өкілі Қонаев қаласына іссапармен келді. Олар өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «Қапшағай бидай өнімдері» серіктестігінің ұжымымен жүздесті. Басқосуда ел тағдырына тікелей әсер ететін жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды.
Коалиция мүшелері 15 наурызға белгіленген республикалық референдумның ел өміріндегі маңызын кеңінен түсіндіріп, көпшілік назарына ұсынылған Ата Заң жобасының негізгі бағыттарын жан-жақты баяндады. Олардың айтуынша, жаңа Конституцияның басты ұстанымы – адам құқығы мен азамат мүддесін бәрінен биік қою. Құжатта әлеуметтік әділеттілік қағидаты, заң үстемдігі және уақыт талабына сай заманауи тетіктер нақты айқындалып, қоғам дамуына серпін беретін нормалар қамтылған.
НҰРГҮЛ ТАУ
ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
«Бұл жерде басты қағидат әділетті Қазақстан, заң мен тәртіп қағидатын кіргізе отырып, адамдардың құқығын қорғап, олардық құндылықтарын, олардың азаматтық құқығын қорғауға ат салысатын мықты мықты түзетулер болды. Оның бір мысалы адвокатураны кіргізгені мысалы. Осының негізінде адамдардың құқығы, теңдігі, олардың өзін қорғауы, оларды қорғау, оларға жаңағы адвокаттық қорғауға міндеттелетін барлық талаптарды осы жерде көрсетіп отыр.»
Коалиция өкілдері Конституция жобасының ауқымы кең, мазмұны терең екенін атап өтті. Құжат елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық ұстанымдарды қамтып, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын нақтылайды. Сондай-ақ жаңа редакцияда қоғамның біртұтастығын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және ұзақмерзімді тұрақты дамуға негіз болатын тұғырнамалық нормалар қарастырылғаны айтылды.
ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН
ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
«Ең негізгісі ұлттық идеологиялық бағыттағы мәдениетті, руханиятты, ғылымды, білімді сақтауға қатысты үлкен заң жобасына нормалар кірген. Осыны елге жеткізіп, айналдырған бір-екі норманың маңайында талқылау емес, кешенді түрде осы құжатты ел-халыққа жеткізу бағытында жүрміз»
Жаңа заң жоба аясында әр азаматтың жеке және отбасы құпиясын сақтау құқығы күшейтіліп, дербес деректерді заңсыз жинау мен өңдеуден қорғау, цифрлық технологияларды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету заңмен нақты кепілдендіріледі. Коалиция осындай түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.