Алматы облысы әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Алматы облысы әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында өткен жылы атқарылған жұмыс есебі тыңдалды. «Өңірде кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыс тиылмай тұр. Құзырлы мекеме басшылары жағдайды қатаң бақылауға алуы тиіс деді облыс әкімі.«Сондай-ақ  кездесуде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері де  қаралды.

Комиссия отырысында  жасөспірімдер арасындағы қылмысқа ерекше назар аударылды. Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе басты назарда.  Мектептерде алдын алу жұмыстары күшейтіліп, оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары мен рейдтер тұрақты  өткізіледі

ӘБДІНҰР ТАСЫБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«2025 жылы кәмелетке толмағандар арасында 125 қылмыс тіркелген. Оның ішінде кісі өлтіру, зорлау, ұрлық сияқты ауыр қылмыстар бар. Биыл «Заң және тәртіп» қағидаты аясында мектептерде алдын алу жұмыстары күшейтіліп, әр жұма сайын рейдтер өткізіледі»

Сонымен қатар, жиында ветеринария саласындағы сыртқы талдау нәтижелері қаралды. Қаржылық бұзушылықтар мен ұйымдастыру кемшіліктері анықталып,  кейбір мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданды. 

МАДИЯР ИСЕБАЕВ
ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АЛМАТЫ ОБЫЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Комиссияның басты мақсаты -сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Ветеринария саласындағы кейбір қызметкерлердің командировка шығындары төленбеген, бірақ қазір қаражат толық өтелді. Сонымен қатар, бір миллион 200 мың теңгеден астам жалақының артық төленгені анықталып, бұл қаражат мемлекеттік бюджетке қайтарылуда»

Облыс әкімі алдын алу шараларын күшейтуді  тапсырды. Сондай-ақ, ол барлық қызметкерлер мен жауапты мамандарға нақты жоспар құрып, жұмыстың орындалуын қатаң бақылауға алуды талап етті. 

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Полиция департаменті электронды сигареттердің заңсыз айналымын анықтап, тоқтатуы қажет. Білім беру мекемелерінің маңындағы сауда орындарына тұрақты бақылау жүргізу керек. Сондай-ақ, бопсалау жағдайлары жиі тіркелетін аудандарда алдын алу жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс»

Сондай ақ Марат Сұлтанғазиев әкімі құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлықпен күрес-тек полицияның ғана емес, әрбір адамның жауапкершілігі екенін  ескертті. Ол барлық тұрғындар бірлесіп әрекет етсе, жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, заң мен тәртіпті сақтауға болатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз: