19 ақпанда мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталады !

19 ақпанда  мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл – жүректі тазалайтын, иманды нығайтатын ерекше уақыт. Бір ай бойы күн шыққаннан күн батқанға дейін тамақ пен судан бас тарту арқылы мұсылмандар  өзін-өзі тәрбиелеу жолына түседі. Қасиетті айда ауыз бекітуге ниет еткен жандар діннің негізгі қағидалары мен амалдарын білуі маңызды. Ал оразаны дұрыс ұстау тәртібі қандай?

Ислам дінінде Рамазан айында ораза ұстау мұсылман баласына парыз етілген құлшылықтардың бірі. Яғни балиғат жасына толған, денсаулығы мүмкіндік беретін әрбір мұсылманға міндеттелген парыз. Ол ең алдымен адамның ниеті мен ішкі сеніміне байланысты орындалады. Бұл тұрғыда ораза ұстау жеке құлшылық, оның қабыл болуы жариялылыққа емес, ықыласқа байланысты

МАДИЯР ПІРІМҚҰЛОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ
«Адам баласы ораза ұстағанда тек Алланың разылығы үшін ниет етіледі. Өйткені ниет ең басты нәрсе. Алланың разылығы үшін ұсталатын оразамызға біз енді аса қүрметпен қаралу ол енді міндетті болады. Өйткені оған жеңіл қарап немесе басында үш күн, ортасында үш күн ұстаймын десе ол да дұрыс емес болып табылады. Қасиетті айларын, қасиетті күндерді біз жалпы бауырларымызға оған жеңіл қарап, оны аяқ асты қылмауға шақырамыз»

Ораза ұстаудың формасы әр адамда әртүрлі болғанымен, оның түпкі мәні — сабыр, шүкіршілік пен рухани тазару. Ал оны қалай қабылдау, қалай өткізу әркімнің өмір салты мен ішкі таңдауына байланысты. Қасиетті айда оразаның қоғамдағы орны қандай? Осы орайда біз халық пікіріне де құлақ түріп көрдік.

МҰРАТ МҰХАМЕДЖАНОВ 
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Ораза ол жастардың жастар ғана емес, үлкен кісілерге де бір тамақтан тиылу көп нәрседен тиылуға бір себепкер болатын нәрсе ғой»

ӘЛІБИ ТӘҢІРБЕРГЕН
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Жастардың ұстағаны дұрыс қой. Әйтпесе қазір неше түрлі нәрселер, жаман жолға түсіп кетіп жатқан жастар бар ғой. Сол жағынан құптаймын иә ораза  ұстау керек. Әр мұсылманның парызы ғой»

Еске салайық, биыл Рамазан айы ақпан айының 19-жұлдызында басталады. Қасиетті айда қайырымдылық шаралары күтілуде, мұқтаж жандарға қолұшын созу мен игі істерге атсалысуға мүмкіндіктер артады.

Сондай-ақ оқыңыз: