Қарасазда М.Мақатаевтың туған күніне орай әдеби кеш өтті
Бүгін – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Халқы барда мәңгі жасайтын ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы туған жері – Қарасаз ауылында тағылымы терең, мазмұны бай іс-шарамен аталып өтті.
Қасиетті мекенде «Жырлайды жүрек» атты поэтикалық-сазды кеш ұйымдастырылды. Мерейтойға келген қонақтар Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Әдеби-мемориалды музейді аралап, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты. Кештің ресми ашылуында аудан өнерпаздары сахналық көрініс ұсынып, ақын поэзиясының тереңдігін көркем бейнелер арқылы жеткізді. Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Мақатаевтың қазақ әдебиетіндегі өлшеусіз орнын атап өтті. Сондай-ақ ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдароваға ерекше құрмет көрсетілді. Іс-шарада «Тәңірқұты» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.