Қонаевта боран соғып, үй шатырларына зақым келді

Қонаев қаласында қатты дауыл соғып, бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарына зақым келді. Үй шатырлары ұшып, автокөліктер, электр және газ желілері бүлінді. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық мекемелер жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.

8 ақпан күні кешке баяу басталған жел түнге қарай айтарлықтай күшейді. Желдің екпіні секундына 27 метрге жетіп, қаладағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің шатырларын жұлып әкеткен. Ауладағы газ құбырлары мен электр бағаналары зақымданып, салдарынан газ бен жарық сөніп, тұрғындарға қолайсыздық тудырды.

ЮЛИЯ ТЕН
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Түнгі сағат 2-3 шамасында қатты жел басталды. Гүрілдеген дауыс естіліп, бір нәрсе гүрс етіп жерге түсті. Қатты шошыдық. Жолдасым көлікті қауіпсіз жерге қою үшін сыртқа шықпақ болды, бірақ оған жақындау мүмкін болмады. Көршілеріміздің көліктерінің үстіне шатыр құлап, газ құбыры зақымданыпты. Дегенмен газ қызметкерлері жедел келіп, газды өшіріп тастады. Таң атқанша көз іле алмадық. 

Алдын ала мәлімет бойынша зақымданған үйлер саны 8. Кейбір үйлердің шатырларының тек шеткі бөліктері ғана ұшса, кейбірінің жартысына жуығын жел жұлып кеткен.

Ең қатты зақымданған ғимараттардың бірі мына төрт қабатты тұрғын үй. Секундына 27 метрге жеткен екпінді жел үйдің шатырының жартысынан астамын жұлып әкеткен. Көріп тұрғандарыңыздай, қалдықтар әлі де аулада жатыр. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Алайда үйдің балкондары мен қасбеті зақымданған.

Қазіргі таңда коммуналдық қызмет барлық ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін арнайы штаб құрылып, келтірілген шығын көлемі есептелуде. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, тұрғындарға көмек көрсету жағы алдағы уақытта белгілі болады. Ал синоптиктер мұндай атмосфералық өзгерістер әлі де сақталатынын ескертіп, қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз: