Есірткі трафигі онлайнға көшуде - жауап бірлескен әрекетте
Қонаев қаласында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиында өткен жыл қортындыланды. Сондай ақ жастар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу және профилактикалық жұмысты күшейту мәселелері талқыланды.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, есірткі заттарын тарату негізінен интернет арқылы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты заңсыз онлайн контентке және күмәнді қаржылық операцияларға бақылау күшейтілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы облыс аумағында 11 тоннаға жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Әрі синтетикалық есірткі дайындайтын екі жасырын зертхана жойылды. Сондай-ақ есірткі қылмысына қатысы бар кәмелет жасына толмаған төрт тұлға анықталған. Осыған орай өңір басшысы білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін тапсырды.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Полиция департаменті, прокуратура, білім басқармасы, жастар саясаты — бәрі бірлесе жұмыс істемесе, бұл проблема жойылмайды. Біз тек сатушылармен айналысып жатырмыз, ал жалпы пайдаланушылармен ешкім жүйелі түрде жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұл — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мектептердің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналардың ортақ міндеті.