Боралдай тұрғындары газ бен ыстық сусыз қалуы мүмкін
Боралдай кентінің тұрғындары ыстық су мен газсыз қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Бұған газ қызметімен туындаған дау себеп. Қызмет көрсетуші ұйым мамандары пәтердегі газ колонкаларын тексеруді бастап, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Кемшіліктерді жоюға үш күн уақыт берген. Алайда тұрғындар мұндай қысқа мерзімге келіспей отыр.
15 қаңтарда Боралдай кентінде қызмет көрсетуші компания тарапынан жаппай ескерту хабарламалары тарады. Онда газ жабдықтары қауіпсіздік техникасы талаптарына сай келмесе газ өшіріледі деген хабар айтылды. Алайда тұрғындардың айтуынша, мәселе тек талапты бұзғандарға ғана қатысты емес. Үш күн ішінде кенттегі барлық үйді газдан ажырату жоспарланған көрінеді. Белгілі болғандай, 19 қаңтардан бастап газ қызметінің өкілдері алты пәтерде газды сөндірген. Бұған газ колонкаларын орнату кезінде жіберілген заңбұзушылық себеп деседі.
НАТАЛЬЯ АНОШКИНА
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
“Біздің газ қондырғымыз алғашқы орнатылған сәттен бері 20-25 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Оны барлық пәтерге газ қызметінің мамандары өздері орнатқан. Кез келген тұрғыннан сұрасақ, бізге ешқашан орнатылғанына қатысты түбіртек немесе чек берілмеген, дегенмен бізден орнату үшін ақша алынды. Қазір газ қызметінің мамандары орнатқанын растайтын құжаттарды сұрап отыр, бірақ ешкімде ондай құжат жоқ.”
Бастапқыда мамандар ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған газ қондырғысын орнатқан. Дегенмен кейбір тұрғындар оны өз бетінше жуынатын бөлмеге тартып, мұржасын ортақ желдету шахтасына жалғап қойған. Ал қауіпсіздік ережесіне сәйкес ол тікелей сыртқа шығарылуы тиіс. Тұрғындар кейде ыстың күйік иісі тарайтынын айтты.Бұған қатысты газ қызметінің өкілдері де өз пікірін білдірді.
Газ қондырғысын дұрыс орнатып, қауіпсіздік талабын сақтаған тұрғындар газ қызметінің талабымен келісіп отыр. Алайда жаңа техникалық паспортты рәсімдеуге уақыт қажет, ал белгілеген үш күн ішінде оны алу мүмкін емес. Осы себепті тұрғындар қосымша уақыт беруді сұрап отыр. Өйткені ыстық сумен қамтамасыз ету жолы уақыт жағынан да, қаржы тұрғысынан да әлдеқайда шығынды қажет етеді әрі олардың қауіпсіздігіне де толық кепіл жоқ. Әкімдік бұл мәселені тұрғындармен бірлесіп, өзара келісім арқылы шешуді ұсынып отыр.
БАҚЫТЖАН ЕГІЗБАЕВ
БОРАЛДАЙ АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
“Иә, желілер тозғаны рас. Әрі үйлердің ішкі инженерлік желілері ескі, үлкен қуатқа шыдамайды. Бұл өрт қаупін одан әрі арттыра түседі. Мамандарға пәтерге кіруге мүмкіндік беріп, алдымен қандай кемшіліктерді жою қажет екенін нақтылап алу керек. Ол жұмысты газ ұйымы ұсынғандай қысқа мерзімде емес, қыс маусымы аяқталып, ауа райы қолайлы кезде жүргізу қажет.
Алайда газ компаниясының мамандары өз пікірін айтты. Олар анықталған заңбұзушылық қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.
ГАУХАР МЕРГЕНҚҰЛОВА
«АЛМАТЫГАЗСЕРВИС-ХОЛДИНГ» АҚ АҒА БАҚЫЛАУШЫСЫ
“Тұрғындар қауіпсіздік ережелерін орындамағандықтан, газды өшіру туралы шешім қабылданды. Мысалы, 34 үйде бір газ колонкасын өз бетімен орнатқан. Алайда әкімдіктің өтініші бойынша қосылу үшін алдымен барлық тұрғынның қауіпсіздік талабы сақталуы керек деп шешілді. Қазір әкімдік, газ қызметінің өкілдері және белсенділермен бірге үйлерді аралап, заңбұзушылықтар бар үйді тексеріп жүрміз. Мақсат - тұрғындар да бұл қауіпті екенін ескерсе деймізі.”