Кеген ауданында жаңа өрт сөндіру нысаны пайда болды
Кеген ауданында жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды нысан жергілікті бюджет есебінен салынған. Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев, сала өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа депо Төтенше жағдайлар министрлігінің стратегиялық жоспары аясында бой көтерген. Ол 12 ауылдық округ пен 34 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Бұл аумақта 28 мыңнан астам тұрғын бар. Таулы аймақта орналасқан Кеген өңірі үшін мұндай нысанның маңызы зор. Себебі мұнда тұрмыстық өрттермен қатар, табиғи өрттің де шығу қаупі жоғары.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысы ҚЖТ үнемі, азаматтардың қауіпсіздігін мемлекеттің басты міндеттерінің бірі деп, тж алдын алу, олардың салдарын азайту жүйесін жетілдіру, стратегиялық маңызы бар мәселе деп айтады. Әрине бұл Кеген ауылы үшін, осы Кеген ауданы үшін халықтың қауіпсіздігі, оның үстіне табиғаттың қауіпсіздігі өте маңызды.
Іс шараға арнайы келген ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Арынов жаңа депоны салтанатты түрде ашты. Сондай-ақ заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасының кілттерін жеке құрамға табыстады.
Депо ішінде диспетчерлік пункт, байланыс құралдары, гараж, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, демалыс аймақтары және арнайы жаттығу алаңы да қарастырылған. Бұл қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттырып, жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
ӘЛІМ БЕКЕН
ӨРТ СӨНДІРУШІ
Ескі пожарный, өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істедім. Ол жер салқвн, суық. Мына техниканың тұратын жері де, суымыз қатып, ыңғайсыз болатын. Мына жаңа техника болғаннан кейін, жаңа өрт сөндіру болғаннан кейін адамдардың ынтасы жұмысқа деген ашылады. Қуаныштымыз.
Модульдік технологиямен салынған ғимарат үздіксіз қызмет етуге бейімделген. Бөлімше 21 қызметкермен, үш өрт автоцистернасымен, жедел-құтқару және жол талғамайтын автокөлікпен жабдықталған. Бұл өрт пен төтенше жағдай кезінде бір мезетте бірнеше бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Төтеншеліктер мәліметінше, алдағы уақытта да ауылдық елді мекендерде өрт қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.