Қазақстанда 4 млн теңге жүлде қорымен антикоррупциялық бейнероликтер байқауы басталды
Қазақстанда жастарға арналған «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» атты республикалық бейнероликтер байқауы басталды. Жалпы жүлде қоры — 4 млн теңге. Жоба Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінің қолдауымен «PARYZ еріктілері» жастар ұйымы арқылы жүзеге асуда.
Байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары жеке немесе шығармашылық топпен қатыса алады. Ұзақтығы 60–300 секунд болатын бейнероликтер 2025 жылдың 20 маусымына дейін paryz_zhastary2015@mail.ru мекенжайына қабылданады.
Бейнеролик MP4 форматында болуы, қазақ немесе орыс тілінде субтитрмен және автор туралы ақпаратпен ұсынылуы тиіс. Жұмыстар мазмұн, идея және әлеуметтік әсер тұрғысынан бағаланады.
«Үздік әлеуметтік бейнеролик» номинациясының жеңімпазы 2 млн теңге иеленеді. «Ең креативті идея» мен «Ең жақсы әлеуметтік үндеу» үшін 800 мың теңгеден беріледі. Қалған 400 мың теңге ынталандыру сыйлығы ретінде финалистерге үлестіріледі.
Ұйымдастырушылар бейнематериалдардың авторлық және заңдық талаптарға сай болуын қадағалайды. Байқау қорытындысы 2025 жылғы 1 шілдеден кейін жарияланып, үздік жұмыстар ақпараттық кампанияларға енгізіледі.