Іле ауданы: №20 мектептегі күрделі жөндеу тұрғындардың наразылығын туғызды

Мұқаметжан Түймебаев ауылы тұрғындары №20 мектепте жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайтынын айтып, дабыл қақты. Қараша айының суығы басталса да, білім ордасында әлі күнге дейін жылу жүйесі қосылмаған.

Ата-аналардың айтуынша, бір жылдан астам уақыт күткен күрделі жөндеу нәтижесі мардымсыз. Мектептегі ескі есік-терезелер сол күйі қалып, қабырғалардағы жарықтар жойылмаған. Әжетхана жабдықтары да жаңартылмаған. Осыған қарамастан, нысанға 1,5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қаржы бөлінген.

Іле аудандық білім бөлімінің өкілдері жылу жүйесінің уақытында іске қосылмауын мердігер компанияның жөндеу кестесін кешіктіруімен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, бір жарым жылдан бері жұмыс істемеген жылу жүйесінің кейбір бөлшектері істен шыққан, соның салдарынан жертөле суға толған.

Ал мердігер ұйым өкілдері бұл нысанда толық күрделі жөндеу емес, жер сілкінісінен кейінгі сейсмикалық нығайту және қалпына келтіру жұмыстары ғана жүргізілгенін алға тартады. Сметаға сәйкес тек бүлінген бөліктер ғана жөнделген. Сонымен қатар, мектеп ғимараты әлі толық қабылданбағаны, анықталған кемшіліктер бойынша дефектілік акт жасалғаны айтылды.

Ата-аналар мектептің қайта жабылып қалмауын және қалған жұмыстардың сапалы аяқталуын талап етіп отыр. Сондай-ақ, күн суытпай жылу жүйесін шұғыл іске қосуды сұрайды.

Жауапты органдардың мәліметінше, блокты-модульді қазандықтағы ақаулар жойылып жатыр. Жылу жүйесін тексеріп, осы күннің өзінде іске қосу жоспарланған. Мердігер компания жұмысты қазан айының соңына дейін толық аяқтауға уәде берді.

Айта кетейік, №20 мектеп 2013 жылы 900 орынға арналып салынған. Қазіргі таңда мұнда 1800-ге жуық оқушы екі ауысыммен білім алуда. Ал Іле ауданында 18 мектеп үш ауысымда оқып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: