Алматы облысында өндіріс көлемі артады
Өңір экономикасында өндіріс орындарының маңызы зор. Әсіресе құрылыс саласына қажетті материалдарды шығаратын кәсіпорын саны артып келеді. Солардың бірі - Іле ауданында орналасқан алюминий зауыты. Жылына 16 мың тонна дайын өнім шығаратын компания жаңа технологияның арқасында өндіріс көлемін арттыруды көздейді.
Зауытта өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған. Мұнда металды сығымдап пішінге келтіретін заманауи экструзиялық престер, тот басудан қорғайтын өңдеу, бояу, кесу және сұрыптау желілері орнатылған. Осы технологиялардың арқасында алюминий профильдері жоғары дәлдікпен әрі сапалы шығарылады. Тіпті зауыт өнімдері Қазақстаннан бөлек, көршілес елдерге де экспортталады.
НҰРБОЛ ТАЛҒАТ
ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазақстан аумағында және де Беларусия мен Россия, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан сол көршілес мемлекеттерге экспорттық тауарларымызды шығарамыз. Сұраныс өте жоғары, себебі, «алюминий-болашақ металы»-деген сөз бар бізде өзімізде. Өйткені, көп өндірістер, көп құрылыс жұмыстары заманның бағыты қазір алюминийді сұраныста өте жоғары»
Алюминий - құрылыс саласында ең көп қолданылатын материалдардың бірі. Мұнда алюминий шикізаты бірнеше кезеңнен өтіп, құрылысқа арналған дайын профильге айналады. Яғни болашақ ғимараттардың қасбеті, терезе жүйелері мен түрлі архитектуралық элементтер дәл осы жерде жасалады. Зауыт 2013 жылы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған. Бүгінде кәсіпорында 270 адам еңбек етеді. Нысан толық өндірістік цикл бойынша жұмыс істейді. Яғни алюминийді өңдеуден бастап, дайын өнімді қаптауға дейінгі барлық кезең бір жерде жүзеге асады. Ал, кәсіпорындағы әрбір өнімнің сапалы болуы технологиялық бөлімнің бақылауында.
НҰРДӘУЛЕТ САДЫҚ
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМНІҢ БАС МАМАНЫ
«.... 2017 жылдан бері осы зауытта жұмыс жасап жатырмын. Қарапайым жұмысшы ретінде келгенбіз. Жұмысым өте қатты өзіме ұнайды, біра өте жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Өйткені бұл жерде бірінші орында сапа тұрады барлық жерде, сол себепті, жауапкершілік өте үлкен жұмыс»
Қазіргі таңда кәсіпорында мыңнан астам түрлі алюминий профильдері шығарылады. Өндіріс қуаты жылына 16 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, алюминий - жеңіл, берік әрі ұзақ қызмет ететін материал. Сондықтан мұндай өнімдер құрылыс саласында үлкен сұранысқа ие.