Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында табиғи өнімнен дайындалған үй шұжығы нағыз брэндке айналды
Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында табиғи өнімнен дайындалған үй шұжығы нағыз брэндке айналды. Ауылдың дәмі мен дәстүрін сақтаған бұл өнімді жеке кәсіпкер Қарлығаш Бақыт дайындайды. Қарапайым ғана ауыл тұрмысынан басталған іс бүгінде берекелі кәсіпке айналған.
Қарлығаш табиғи өнімнен шұжық дайындауды бірнеше жыл бұрын бастады. Кейін тұрғындар сұранысы артып, шағын кәсіпке айналды. Бүгінде “БАЙ-ҚАЗЫ” деген атаумен шығаратын өнімдер жергілікті дүкендер арқылы халыққа ұсынылып келеді. Шұжық дайындауда ең басты назар өнімнің сапасы мен табиғилығына аударылады. Кәсіпкер шұжықты өздері бағатын малдың етінен дайындайды. Ет арнайы өңдеуден өткізіліп, табиғи дәмдеуіштер қосылып, дәстүрлі әдіспен әзірленеді. Сондықтан оның дәмі де ерекше, әрі денсаулыққа зиянды қоспалар қолданылмайды.
ҚАРЛЫҒАШ БАҚЫТ
ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
“Бай-қазы" шұжықтарын 2024 жылдан бері жасаудамын. Өзіміздің шаруашылық бар, таза өнім, еш қоспасыз, бояғыш заттары жоқ, таза еттен жасалынатын осындай өімдер жасаудамын. Мен көп балалы анаын, қайтарымсыз грантқа қатысып, иегері болдым. Мемлекеттен осындай көптеген көмектер бар. "Атамекен" палатасы осы жайлы бізге көптеген ақпараттар беріп отырады.
Табиғи өнімді әсіресе балалар сүйіп жейді. Ата-аналар да сапалы тағамды таңдауға тырысатынын айтады.Ауылда отырып кәсіп бастау оңай емес. Дегенмен, еңбек пен табандылықтың арқасында Қарлығаш өз ісін біртіндеп дамытып келеді. Өнімге деген сұраныс жыл сайын артып, тұрақты тұтынушылар саны көбейіп отыр.
ҚАРЛЫҒАШ БАҚЫТ
ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Алдағы жоспарым, цех ретінде ашу. көлемін үлкейту, күніне 30 кг емес, оданда көп салмақта өнімді шығару. Және де жаңадан ғимарат салу, өндірістік орын ашу. Менің басты мақсаттарымның бірі аудан тұрғындарын осындай табиғи, таза өнімдермен қамтамасыз ету.
Экологиялық таза тағам – еңбек пен сапаның нәтижесі. Шалкөде ауылында жасалған бұл шұжық та тұтынушылардың сеніміне ие болып, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына үлес қосып отыр.