Алматы облысында туризм дамып келеді
Өткен жылы Алматы облысына 130 мыңнан астам шетелдік турист келді. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында туризм саласындағы жаңа жобаларға қолдау көрсетіледі.Соның арқасында Талғар ауданында демалыс орындарын ашып, кәсібін дөңгелетіп жатқан жандар бар.
Еліміздегі ең тартымды курорттық өңірлер рейтингіне Алматы облысы да кіреді. Соңғы жылдары жеке инвестиция есебінен демалыс аймақтары салынып, алыс-жақыннан келетін туристердің саны артқан. Солардың бірі Талғар тауының етегіндегі туристік кешен. Демалыс базасының басты ерекшелігі - жер астында орналасқан қонақ үйлер.
АЛЕКСАНДРА ДӘУІРБАЕВА
ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз пандемиядан кейін ашылдық. Сол кезде адамдардың баратын жері болмады, шекаралар жабық, ешқайда шыға алмадық. Солай өзіміз үшін демалыс орнын ашуды шештік, кейін біртіндеп халыққа қолжетімді еттік. Бүгінде алты үй жұмыс істеп тұр, тағы екі үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Демалыс орны соңғы жылдары көркейіп, өңір инфрақұрлымына оң әсер етуде. Кешенде бассейн мен ресторан құрлысы жүріп жатыр. Таудың әсем келбетін тамашалауға келетін туристер үшін жайлы жағдай жасауға мән бердік дейді жоба иесі.
АЛЕКСАНДРА ДӘУІРБАЕВА
ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазақстанда демалыс үйлері өте қарапайым, бір стандарт бойынша салынады. Ал біз әр үйді жасағанда өзгелерге және бір-біріне ұқсамайтын дизайнды таңдауға тырыстық. Тіпті кейбір заттар Еуропадан, Америкадан арнайы әкелінді. Барлығы қонақтардың ерекше әсер алып қайтуы үшін жасалған. Себебі бізге елімізден бөлек Америка, Германия мен Испаниядан да туристер жиі келеді.
Демалыс кешені «Даму» қорынан қолдау тауып, жеңілдетілген несиемен 500 млн теңге алған. Қазір туристік базада тағы 2 үйдің құрлысы жүріп жатыр. Ал болашақта санаторий мен балаларға арналған сауықтыру-спорттық лагерьін салу жоспары қарастырылуда.